Палиса: Украина Ресейге бір сүйем де жер бере алмайтынын айттық

КИЕВ. 27 наурыз. Украина Қарулы күштерінің полковнигі Павло Палиса АҚШ-пен келіссөз кезінде Ресейге ешқандай жер берілмейтінін айтқандарын мәлімдеді. Бұл туралы Dialog.ua ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Украина делегациясының мүшесі Павло Палиса Әр-Риядта АҚШ-пен өткен келіссөздің егжей-тегжейін айтып берді. Украина президентінің кеңсесі АҚШ делегациясымен Сауд Арабиясында жүргізілген келіссөздің жаңа мәліметтерін жариялады.
АҚШ-пен бейбіт реттеу туралы келіссөзге қатысқан Украина Қарулы күштерінің полковнигі Павло Палиса Әр-Риадтағы кездесудің кейбір маңызды тұстарына тоқталды. Ол өзінің Facebook аккаунтында Мәскеудің Қара теңіздегі атысты тоқтату туралы келісімді тағы бұзғанын растады.
Уашингтонның жоспары бойынша, энергетика саласында да, Қара теңізде де атысты тоқтату келісімі әлдеқашан жүзеге асуы керек еді. Кездесуден кейін ашық түрде ультиматум жарияланған кезде Мәскеу оны іс жүзінде қасақана бұзды.
«Біз Қара теңіздегі энергетикалық нысандарды тоқтату туралы келісімге келдік, ол АҚШ-пен бірлескен мәлімдеме жарияланған сәттен бастап күшіне енеді. Біз Америка командасына Ресейдің әдейі уақытты созып, қосымша шарттарды алға тартқалы тұрғанын ескерттік», – деді Палиса.
Полковник мұны «Кремльдің әрекеті мұнда да Украинадағыдай бейбітшіліктің орнағанын қаламайтынының тағы бір көрінісі болды», – деп түсіндірді.
Палиса сонымен қатар Украинаның атысты тоқтату режимін біржақты сақтамайтынына сендірді. Егер Ресей шабуыл жасар болса, сол үшін жауап соққыларын алады.
Бұған қоса, президент кеңсесінің өкілі Украинаның бұл соғыста толық атысты тоқтатуға дайын екенін атап өтті. Мұндай атысты тоқтатудың егжей-тегжейлері Әр-Риадта талқыланды.
Палиса Сауд Арабиясындағы кездесуде Украина тарапынан территория беруге келісу ишарасының болмағанын айтып сендірді. Ол бұл мәселені Украина үшін «қызыл сызық» деп атады. Былайша айтқанда, Киев бұл сызықтан аттап кетіп, өз жерлерін жауға беріп қойып отырмайды.
«Біз Украинаның барлық жері үшін күресіп жатырмыз, енді келіссөз жағдайында да сол үшін күресеміз», – деді Украина қарулы күштерінің полковнигі.
Ол сондай-ақ Украинаның басымдылығы соғыс қимылдарын тоқтатумен қатар сенімді қауіпсіздік кепілдігін алу екенін қосты. Украина агрессордың сөзіне иланып отыра бермейді.
«Жау жағына сенім жоқ. Шайқас жалғасып жатыр», – деді әскери қызметкер.