Жаңалықтар жаңғырығыТіршілік

Белградта 100 мыңнан аса адам қатысқан митинг өтіп жатыр

БЕЛГРАД. 16 наурыз. Сербия астанасында өтіп жатқан наразылық акциясына 100 мыңнан астам адам шықты. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Сербиядағы жаңа шеру қараша айынан бері жалғасып келе жатқан билік пен жемқорлыққа қарсы ең ірі наразылықтардың біріне айналды.

Сербия ішкі істер министрлігінің ресми хабарламасына сәйкес, сенбі, 15 наурыз күні Белградтағы наразылық шерулеріне кем дегенде 107 мың адам қатысуда. «Дегенмен, көшедегі наразылықтарды бақылайтын жергілікті «Халық жиналыстарының мұрағаты» ұйымы митингке қатысушылардың саны 275-325 мың адам деп есептейді», деп жазады Франс Пресс агенттігі.

Наразылық білдірушілердің басты талабы ел президенті Александар Вучичтің отставкаға кетуі болып отыр. Наразылық толқынының өзегін студенттер құрайды, оларға сондай-ақ дәрігерлер, мұғалімдер, байкерлер, ардагерлер қосылған, кейін олардың қатарын Белградқа тракторлармен келген фермерлер толтырды.

Қала билігі бүгін «қоғамдық қауіпсіздік мақсатында» қоғамдық көліктерді маршруттарға шығармай қойған. Бірақ бұл әрекет демонстранттарды тоқтата алмады, олардың кейбірі қалаға жаяу жеткен. Наразылық білдірушілердің бір бөлігі мұнда шеруден бір күн бұрын жетіп алған.

Митингіде талқыланған оқиғалардың бірі наразылық білдірушілер тобына қарай қойып кеткен көлік болды. Одан кейін көлік жүргізушісі қашып кетпек болған, бірақ полицейлер ұстап алғанда, оларға қарсылық көрсеткен. Оқиға салдарынан үш адам зардап шегіп, ауруханаға жатқызылды.

Кейбір жерлерде шерушілер шеруі полициямен қақтығысқа ұласты. Бұған қоса, 15 наурызға қараған түні полиция Сербия парламенті ғимаратының сыртында шлагбаум ретінде қойылған Вучич жақтастарына тиесілі тракторларға зақым келтірмек болған белсенділерді ұстады.

Сербия президенті Александар Вучич наразылықтар алдында да, кейін де кешкісін жергілікті телеарна арқылы халыққа үндеу жасады. Ол 14 наурызда наразылық шерулерін ұйымдастырушылардың шетелде екенін айтып, жоспарланған акцияны «заңсыз» деп атаған еді.

Сонымен бірге Вучич қызметінен кетуге ниеті жоқ екенін мәлімдеді. «Мен тұрғанда өтпелі немесе алаяқ үкімет болмайды. Мен бопсалау мен қысым көрсетуге келіспеймін, мен Сербияның президентімін, елдегі ережелердің көшеде анықталуына жол бермеймін», – деп келтіреді саясаткердің сөзін басылым.

Шарадан кейін Сербия президенті халыққа тағы да сөз арнады. Оның айтуынша, шерудегі қақтығыстар салдарынан 56 адам ауруханаға жеткізіліп, тағы 22 адам ұсталған.

Тағы көрсету

Ұқсас мақалалар

Back to top button