Жаңалықтар жаңғырығыҚоғам

Олжас Бектенов Қазақстан Премьер-министрі болып тағайындалды

АСТАНА. 6 ақпан. Бұған дейін Қазақстан Президенті әкімшілігінің басшысы болып қызмет атқарып келген Олжас Бектенов Парламентте Премьер-министр болып бекітілді. Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сағат 15:00-де Парламент Мәжілісіндегі саяси партиялар фракцияларының жетекшілерімен кездесу өткізіп, Премьер-министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынды.

Кездесуде Президент Конституцияның 44-бабына сәйкес Премьер-министр лауазымына ұсынылған кандидатура жөнінде фракция басшыларымен кеңесуге тиіс екенін айтты.

Талқылауға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, «Ақ жол» партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublic» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров қатысты.

Саяси партиялар фракциясының мүшелері Президент ұсынған кандидатураны бір ауыздан қолдады.

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысы кандидатурасын талқылағаннан кейін «Қазақстан Республикасының Президентіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрі лауазымына Бектенов Олжас Абайұлын тағайындауға келісім берілсін» деген қаулы жобасына дауыс берді.

Дауыс беру барысында жалпы отырысқа қатысқан депутаттардың 69-сі оның кандидатурасын қолдап, 7 депутат қалыс қалды.

Осыдан кейін Мемлекет басшысының Олжас Абайұлы Бектеновті Қазақстан Республикасының Премьер-министрі етіп тағайындау жөніндегі жарлығы шықты.

Ол Президент әкімшілігінің жетекшісі лауазымынан босатылды.

Бұған дейін Мемлекет басшысына «Amanat партиясының атынан Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің кандидатурасы ұсынылған еді.

Жаңа тағайындалған Үкімет басшысы Қазақстан Республикасының 13-ші Премьер-министрі болып отыр.

Олжас Абайұлы Бектенов 1980 жылы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. Қазақ мемлекеттік заң академиясын үздік бітірген (2001 ж.), мамандығы «Заңгер». ІІ дәрежелі «Айбын» (2014 ж.) және «Даңқ» (2021 ж.) ордендерімен наградталған.

2002-2005 жылдары Алматы қаласы әділет басқармасы бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2005-2006 жылдары Премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінің сарапшысы, бас сарапшысы болды.

2006-2009 жылдары Президент әкімшілігінде жұмыс істеді.

2009-2012 жылдары Әділет министрлігінің тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

2012-2014 жылдары Экономикалық қылмысқа жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің (қаржы полициясы) орталық аппаратында департамент бастығы болды.

2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, Президент әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарды.

2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Астана қалалық департаментінің басшысы болып еңбек етті.

2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.

2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары лауазымын атқарды.

2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.

2022-2023 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы қызметін атқарды.

2023 жылдан Президент әкімшілігінің жетекшісі болып қызмет етіп келді.

Біз бұған дейін Парламент Мәжілісінің және Amanat партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың Премьер-министр қызметіне Олжас Бектеновтің кандидатурасын ұсынғанын жазған едік.

Айтқандай, қазір Олжас Бектеновтің билік органдарында жоғары лауазымды шенеунік, «Ескі Қазақстанның» ең еңселі тұлғадарының бірі болған Әділбек Жақсыбековтің туған інісі Серіктің күйеу баласы екені де айтылып жатыр. Сонымен қатар оның Назарбаев әулетінің ұрлаған ақшаларын мемлекетке қайтаруға айтарлықтай еңбек сіңіргені де назардан тыс қалып отырған жоқ.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button