Путиннің бәсекелесі Киевпен шұғыл келіссөз жүргізіп, бітімге келгісі келеді
МӘСКЕУ. 4 ақпан. РФ президенттігіне үміткер Борис Надеждин сайлауда жеңіске жетсе, соғысты тоқтататынын мәлімдеді. Бұл туралы УНИАН ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Путиннің президент сайлауындағы басты қарсыласы саналып отырған Борис Надеждин мемлекет басшысы болып сайланып жатса, Киевпен соғысты тоқтату жайында келіссөз жүргізуді тез бастап кететінін айтты. Сонымен бірге Донецк мен Луганскінің тағдырын да оңтайлы шешетінін білдірді.
Надеждин RTVI телеарнасына берген сұхбатында Украинаға бірінші кезеңі оқ атуды тоқтату болып табылатын келіссөз жүргізу жөнінде шұғыл ұсыныс жасайтынын баяндады.
Оның айтуынша, келісімнің негізгі қаңқасын құруға мүмкіндік беретін алдын ала шарт қойып жатпастан, Киев пен Мәскеудің арасында тезірек бейбітшілік келіссөзін мүмкіндігінше неғұрлым тезірек бастап кету керек.
Келіссөз уақытында Украина мен Ресейдің мемлекеттік шекарасы қай жерден өтетіні және Ресей армиясы басып алған территориялардың қайда қарайтыны сияқты өте маңызды екі мәселені шешіп алу қажет. Бұл мәселелер әлем қауымдастығының шешімімен шешіледі, бұған басып алынған территориялар халықтарының қалай қарайтыны да ескерілуі тиіс.
Надеждин сонымен бірге Ресей оккупациясының Донецк, Луганск және Херсон жерлерінен миллиондаған украиндарды үйлерін тастап кетуге мәжбүр еткенін де атап өтті. Енді олардың да пікірлерімен санасу керек.
Еске сала кетейік, Ресейде жақында жүргізілген сауалдама барымы азаматтарды толғандырып жүрген ең басты мәселенің Украинадағы соғыстың қашан аяқталатыны екенін көрсетіп берді.
Біздің анықтама. Борис Борисович Надеждин – Ресей саяси қайраткері, физика-математика ғылымдарының кандидаты. 1963 жылы 26 сәуірде Ташкентте туған.
Мәскеу облысы Долопрудный қалалық округі депутаттар кеңесінің депутаты (1990 – 1997, 2019 жылдан). «Өңірлік жобалар мен заңнамалар институты» қорының негізін қалаущы және оның президенті. Ресей Федерациясы мемлекеттік думасының депутаты болған (1999-2003).
Борис Надеждин 2023 жылғы 31 қазанда 2024 жылы наурызда өтетін РФ президент сайлауына өзінің кандидатурасын ұсынды. Орталық сайлау комиссиясы Надеждинді қолдаушылар қолдарын мойындап, оған сайлау шотын ашуға рұқсат берді.