Делқұлы диктатор Украинаға соғыс ашқанын енді АҚШ-тан көріп отыр
МӘСКЕУ. 19 желтоқсан. РФ президенті Владимир Путин АҚШ-ты «ойына келгенін істеп, Ресейді Украинадағы соғысқа «айдап салды» деп айыптады. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кремль узурпаторы қорғаныс министрлігінің отырысында Құрама Штаттар Ресейді Украинаға соғыс ашуға арандатты деп мәлімдеді.
Құзғынның айтуынша, бәрі сонау 2014 жылы Киевтегі билік ауысқан кезден басталған. «АҚШ Украинада не істеді? Іс жүзінде ол біздің бұл елмен қарым-қатынасымызды қалыпты саяси тұрғыда орнатуымыздың мүмкіндігін жойып жіберді. Олар <…> «ойларына келгенін» істеді. Сөйтіп, 2014 жылы мемлекеттік төңкеріс жасап қоя салмай, одан әрі кетті. Осылайша осы өктемдікке бізді жауап қайтаруға мәжбүр етті», – деп сарнады Путин.
Бұдан әрі Қырымды аннексиялау орын алды. Мұның алдында түбекте анықтама белгісі жоқ әскери форма киген адамдар пайда болған еді, – міне, солар үкімет органдары мен стратегиялық нысандарды басып алып, бұғаулап тастады. Кейінірек Путин бұлардың «референдум» өткізуді қамтамасыз етуге жіберілген Ресей әскерлері болғанын мойындады. Алқада ол Ресейдің «Қырымға қолдау көрсетуге» осындай сықпытта жүзеге асырғанын айтты. Оның ойынша, әйтпесе билік ауысқаннан кейін Украина онда «қанды қасап» жүргізген болар еді.
Путин бұған дейін дейін Ресейдің Украинаға соғыс ашып, басып кіруіне АҚШ-ты кінәлаған еді. Мұны ол бұрын 2023 жылғы 21 ақпанда федералды жиында айтты. «Соғыс отын тұтандырған солар. Ал біз оны тоқтату үшін күш қолданып жатырмыз», – деді ол тым жылтыр беті бүлк етпей.
Диктатор сондай-ақ Донбасс халқын «неонацистерден қорғау» және НАТО-ның Ресей шекарасындағы «қаупін әрі жылжыту үшін» Украинаға басып кіруге шешім қабылдағанын да баяндады.