Үндістан билігі Украинадағы соғысқа адам тартатын желіні әшкереледі
НЬЮ-ДЕЛИ. 9 наурыз. Үндістан арнайы қызметі Ресей армиясы жағында Украинадағы соғысқа қатысатын адамдарды дайындайтын желіні тапты. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған бірнеше туристік агенттіктерген жасалған полицейлік рейдтер жол ашып берді.
AFP порталының хабарлауынша, РФ қарулы күштері сапында соғысып жүрген азаматтардың кемінде екеуі осы кезге дейін ұрыс даласында опат болған. Бірнеше рекрут мәлімдегендей, оларды ресейліктер жағы жалған ұсыныстармен украин жеріне алып барып, қанды қасапқа салып жіберген.
«Үндістан орталық тергеу бюросының тергеушілері бірнеше күдіктіні ұстады», – деп атап өтілген арнайы қызмет мәлімдемесінде. Қазір олар тергеліп жатыр. «Адам саудасымен айналысқан бұлар ұйымдасқан топ ретінде әрекет етіп, Үндістан азаматтарын YouTube секілді әлеуметтік медиалар мен агенттіктің жергілікті өкілдері арқылы Ресейде жоғары жалақы төленетін жұмыстар бар деген жалған ұсыныспен шақырып отырған», – делінген бұдан әрі.
Ал қитұрқы хабарландыруға алданып түсіп қалған үндістандықтар Ресейге жеткізілген бойда, өздерінің қарсы болғандарына қарамастан, бірден майдан даласының алдыңғы шебіне аттандырылып тұрған. Арнайы қызмет қазір соғыста қаза тапқан тағы қандай үндістандықтар бар екендерін зерттеп жатыр.
Үндістан сыртқы істер министрлігі мұның алдында Ресей армиясы сапынан «шырмалып шыға алмай қалған» 20-ға жуық үнділік азаматты босату турасында жұмыс жасап жатқандарын хабарлаған еді.