Мүфтият таксишімен ерегіскен адамның имам емес екенін айғақтап берді
АСТАНА. 2 ақпан. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы такси жүргізушіге дөрекілік көрсеткен жолаушының имам емес екенін мәлімдеді. Бұл туралы «Адырна» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде такси жүргізуші мен бір ер кісінің сөзге келіп жатқаны түсірілген видео тараған еді. Желі қолданушылары «Аллаһу акбар, аударылып қал!» деген ауыр сөзді айтқан адам «Гүлдала» ауылындағы мешіттің имамы екенін жазған болатын.
Алайда мүфтият бұл деректі артынша жоққа шығарды.
«Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Бахтияр Жақсылықов есімді азаматтың такси жүргізушісімен кикілжіңге келіп, дөрекі әрекет көрсеткені және оның «имам» екені талқылануда. Осы орайда Бахтияр Жақсылықовтың Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызмет жүйесінде жұмыс істемейтінін ресми түрде мәлімдейміз. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларынан анықталмаған хабарды таратпауын сұраймыз», – делінген хабарламада.
Оқиға Талғар қаласында орын алған. Видеода дін иесінің киімін киіп алған жолаушының такси жүргізушімен дөрекі сөйлесіп, есігін тарс жауып сыртқа шыққан соң көлікті теуіп кетіп бара жатқаны көрініп тұр. Ол кетіп бара жатып: «Аударылып қал! Аллаһу акбар!» дейді.
Ал Алматы облысының әкімдігі оның Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі екенін растады.
«Әлеуметтік желілерде Талғар қаласында такси жүргізушісі мен жолаушы арасындағы жанжал түсірілген видео таралуда. Кейбір ақпарат көздері жолаушы «Гүлдала» ауылындағы мешіттің имамы екенін айтады. Алайда Алматы облысының дін істері басқармасы оның имам емес екенін мәлімдеді. Аталған ер адам Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің мүшесі екенін хабарлаймыз. Жалған ақпарат таратпауыңызды сұраймыз», – деп хабарлады аудан әкімдігі.