АҚШ-та коронавирустан алғашқы адам көз жұмды
ВАШИНГТОН. 1 наурыз. Вашингтон штатында COVID-19 коронавирусынан бір адам қайтыс болды. Бұл туралы «АР» хабарлады.
Құрама Штаттарда аталмыш індеттен бақилық болған бірінші адам тіркелгені белгілі болды. Мұны елдің Денсаулық сақтау министрлігі растады.
Шенеуніктер бұл оқиға жайлы қысқаша баспасөз парақшасын таратты. Бірақ онда ештеңе бүге-шігесіне дейін ашып айтылмаған.
Қазір Калифорния, Ореген және Вашингтон штаттарының денсаулық сақтау органдары қатты алаңдап отыр. Себебі, коронавирус елдің батыс жағалауын жайлап келе жатыр. Бұған белгісіз жолмен үш пациенттің аталмыш вирусты жұқтырып алғаны себеп болды.
Соңғы мәліметтер бойынша, коронавирустан қайтыс болғандар саны қазір 2,9 мың адамға жетіп отыр. Жалпы, кеселді жұқтырып алғандар қатары 85 мыңнан асады. Ауру әлемнің 58 еліне тарап отыр.