Әлемге аты танылған «Бүркітші қыз» Шығыс Қазақстанға көшіп келді
ӨСКЕМЕН. 28 қаңтар. Жастайынан «Бүркітші қыз» ретінде жаһанға аты таныылған қазақ қызы Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аудардыі. Бұл туралы Inbusines.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бүркітші қыз – Айшолпан Нұрғайыпқызы әке-шешесімен бірге Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы «Бозанбай» ауылына (бұрынғы Никитинка селосы) келіп тұрақ тепті.
«Алты жасынан бастап асау үйретіп, сегіз жасынан түз тағысын баптаған бойжеткенге осыған дейін әлемнің бірнеше мемлекетінен шақырту түскен болатын. Десе де, бүркітші ару өз таңдауын жасап, Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, «Бозанбай» ауылына табан тіреді», – делінген хабарламада.
Моңғолия жерінде туған Айшолпан бүркітші қыз ретінде әлемнің 31 елін аралаған. Ол туралы режиссер Отто Белл «The Eagle Huntress» атты ғажайып фильм де түсірген. Лента жаһанның 30 мемлекетінде қойылды, оның ішінде Лондон, Нью-Иорк, Дубай, Токио, Сидней секілді қалаларда көрсетілді. Көпшілік көңілінен шыққан картина 2015 жылы «Оскар» сыйлығына да ұсынылған. Ал 2018 жылы Айшолпан Нью-Йорк қаласында «Asia Game Changer» сыйлығын иеленді. Негізі, бұл сыйлық Азияның ең таңдаулы тұлғаларына тапсырылады.
Бүркітшілер отбасында дүниеге келген Айшолпанның әлемге танымал «Бүркітші қыз» атануына шетелдік фотографтың бір суреті жетіп жатты. Сол фотодан кейін қаршадай қыз дүние жүзіне танылды.
«2013 жылы израильдік Ашер Свиденский есімді фотограф Моңғолиядағы бүркітшілер сайысына келіпті. Суретші құсбегілерден көшпенділерде неге ер адамдар ғана бүркіт салады, әйелдер неге салмайды деп сұраған. Бүркітшілер «Нұрғайыптың қызы бар» деп бізге жіберіпті. Сол кезде ол кісі мені арнайы іздеп келді. Жөн сұрасқаннан кейін тасқа шығып, бүркітімді ұстап суретке түстім. Бұған дейін өзге туристермен талай түскенмін. Мән бермедім. Арада бір ай өткеннен кейін «Бүркітші қыз Айшолпан» болып шыға келдім. Шынымды айтсам, мүлдем күтпедім. Содан бастап туристер ауылымызға келе бастады», – дейді бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы.
Бүркішті қыз туралы кино 2014 жылы түсіріле бастады. Өкініштісі, кино өзге елдерде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсеткен жоқ.
«Кино, негізі, әкенің тәлім-тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, көшпенділердің өмірі жайлы түсірілді. Қарапайым күнделікті өмірімізді көрсетті. Бізге қыранның балапанын алу керек болды. Сол кезде әкем белімнен екі арқанды байлап, 18 метр қиядағы бүркіттің ұясына түсірді. Бүркітті білесіздер, ұясын қиын құзға салады. Өте қиынға соқты. Енесі келіп қала ма деп қатты қорқтым. Әкем айқайлап, дауыстап тұрды. Қиядан құласам, тірі қалмайтыным белгілі. Бірақ балапанды алып шықтым. Өкініштісі, мен туралы түсірген кино бүкіл шетелде көрсетілгенімен, Қазақстанда әлі көрсетілген жоқ. Өзім жеке оқу орындарында, театрда көрсетіп жүрмін. Үлкен кино театрларында көрсетсек жақсы болар еді», – дейді Айшолпан.
Оның көзін ашқалы көргені – қыран құс. Ол әулет жеті атасынан бері құсбегілікпен айналысқан.
«Бұл – біздің ата кәсібіміз. Қолымыздан бүркіт үзілмепті. Әкем де құсбегі. Бала күнімнен әкеммен, ағаммен тау-тасқа шығып жүрдім. Кейін ағам әскерге кеткеннен кейін қыраны маған қалды. Бүркітші қыз болып танылғаннан кейін қиындықтар көп болды. Әкемнің өзге саятшы достары, жақындары да қарсы болды. Себебі қыранды ұстау, баптау өте жауапты жұмыс. Әсіресе қыс айларында қиын. Ата-анамның қолдауының арқасында барлығына шыдадым», – дейді бүркітші қыз.
Бүркітші қыз 13 жасында Моңғолияда өткен құсбегілер сайысында 79 ер бүркітшілердің арасында рекорд жаңартып, жеңімпаз атанады.
«Шақыру сайысында қыраным 6 секундта түсіп, рекорд жаңарттым. 40 градус аязда қолым қатып, біраз қиналғаным рас. Бірақ «Бүркітші қыз» екенімді дәлелдеу үшін барлығына шыдадым. Сол кезде бүркітім алғаш рет бау ашты. Кейін сол қыраныммен қоян, түлкі, қасқыр алдым», – дейді аңшы қыз.
Бір қызығы, Айшолпан «Бүркітші қыз» болып әлемге танылғаннан кейін екі жыл көлемінде Моңғолияда 15 бүркітші қыз шығыпты. Оған дейін болмаған.
Айшолпанның айтуынша, қыранды екі түрлі әдіспен ұстайды екен. Біріншісі балапанды ұясынан алу, екіншісі тормен ұстау.
«Балапан қолға тез үйренеді. Мен құсымды бірінші даусыма үйреттім. Ал тормен ұстаған қыран қолға оңайлықпен үйренбейді. Қыран адамды шыдамдылыққа, төзімділікке, еркінділікке жетелейжі. Бүркіт төрт айда бір жас жасайды. Жылына 3 жас жасайды. Адамның жасымен 60-70 жас жасайды. Қыран құсты ана жасына келгенде яғыни, 4-5 жасқа толғанда табиғатқа жіберу керек. Ол кезде аспанға қарап, неше түрлі дыбыстар шығара бастайды», – дейді бүркітші қыз.
Әңгіме барысында қарапайым бүркітші қыздың түз тағысының мінез-құлқын, болмысын, жаратылысын жетік білгеніне таң қалдық.
«Бүркітті қыркүйек айынан, наурыз айына дейін ғана құсқа салады. Одан кейін түлекке отырады. Бір қызығы бүркіттердің де жар таңдау кезіндегі сынақтары болады. Олар аталық құсты таңдағанда тас лақтырады. Сол кезде аталық қыран жылдам қағып алуы керек», – деп тәжірибесін ортаға салды Айшолпан.
Айшолпан бала күнінде асау үйретіп, 6 жасында бәйгеге де шапқан. Қазір білімге ден қойып отыр. Алматыдағы Сулеймен Демирел университетінде білім алып жүр.
«Осыған дейін бүркітші Айшолпан болып танылсам, ендігі арманым – білімді Айшолпан болу. Қазір өзімді жан-жақты дамыту үстіндемін. Моңғол, түрік, ағылшын тілдерін жетік білемін. Қазақстанда туризм саласын дамытуға өз үлесімді қоссам деймін. Сонымен қатар бүркіт жайлы балаларға арналған кітап жазып бастадым», – дейді ол.
Жуырда Шығыс Қазақстан облысының әкімі бүркітші қызды ата-анасымен бірге қабылдаған екен.
«Ата-жұртқа қоныс аудару менің көптен күткен арман-мақсатымның бірі еді. Міне, орындалып жатыр. Осыған дейін Қазақстандағы бүкіл облыстарды аралап шықтым. Бірақ ең ұнағаны Шығыс Қазақстан болды. Себебі, табиғаты өте көркем. Бүркіт ұстауыма өте ыңғайлы. Сондықтан ата-анаммен бірге осындай шешім қабылдадым», – дейді ол.
Айшолпанның айтуынша Қазақстанда ішкі туризм айтарлықтай дамымаған. Ішкі туризм дамыса, сыртқа туризм өздігінен дамиды.
«Біз «Бозанбай» ауылында ұлттық өнерді ұлықтап, Бүркітшілер одағын құруды жоспарлап отырмыз. Келген туристер де қазақтың ата кәсібін үйретеміз. Өткенде облыс әкімі Ермек Көшербаев та бізді қабылдады. Сол жерде әкеме нұсқаулық кітап жазуды тапсырды. Қазір кітапты жазуды бастадық. Негізінен туризмді дамытуға бағыттаймыз. Мақсатымыз – әлемге қазақ деген ұлт бар екенін, көшпелі өмірдің әлі күнге дейін сақталғанын дәлелдегіміз келді», – дейді бүркітші қыз алдағы жоспары жайында.
Осы ретте айта кетейік, америкалық жазушы Лиуза Уэлш біздің Айшолпан туралы кітап жазған екен. Оның тұсауы Лос-Анджелес қаласында кесілді. Фолиант «The Eagle Huntres» деп аталады.
Осылайша, қаршадайынан түз тағысын қолға үйретіп, күллі әлемге қазақтың атын шығарған бүркітші қыздың қайсарлығына тәнті болдық. Ал ғаламды тамсандырған Айшолпан туралы түсірілген фильм еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілетін шақ алыс емес деген үміттеміз.