Батыс Алтайда өрт өшірілді, енді Қатон-Қарағай ормандары өртеніп жатыр
ӨСКЕМЕН. 18 маусым. Бүгін таңертең Батыс Алтай қорығындағы өрт сөндірілді, есесіне Қатон-Қарағай жеріндегі табиғи паркте от күш алып кетті. Бұл туралы Аltaynews.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
«17 маусымда Қатон-Қарағай ауданындағы «Қатон-Қарағай ұлттық табиғи паркі» РМБ Ақсу филиалы территориясында (Усть-Язов орман шаруашылығы) бару жолы қиын таулы жерлерінен өрт шықты. Шөп пен бұталар жанып жатыр. Алдын ала бағам бойынша, 15 гектар аумақты қамтиды», – делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге «Казавиаорманкүзет» қызметкерлері, орманшылар, жергілікті атқару органдары, ШҚО төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндірушілері тартылған. Оған жеке құрамның 111 адамы, 3 техника бірлігі және ШҚО әкімі аппараты авиа бөлімшесінің 2 тікұшағы қатысуда.
Жергілікті жер жағдайы авиатехника қозғалысына мүмкіндік беретін болғандықтан, өртпен күресуші десант тікұшақпен жеткізілді. Маңайдағы елді мекендерге төніп тұрған қатер жоқ.
17 маусым күні «Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы» РМБ территориясында, Риддер қаласынан 80 шақырым қашықтағы таулы, орманды, баруы қиын аумақтан өрт шықты. Жанған алап шамамен 6 гектар көлемді алады. Оны залалсыздандыруға 58 адам мен орман шаруашылығының 9 техника бірлігі, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, шекарашылар атсалысты.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев пен оның орынбасарлары, төтенше жағдайлар департаментінің басшылары тікұшақпен аумақты әуеден қарап бақылап жүр. Олар өрт сөндіру мониторингімен ұдайы танысып отыр.
ШҚО төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі сәтті жұмыла кіріскеннің арқасында Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорының аумағындағы өрт таңғы 06:45 сағатта ауыздықталған.