Миллиардер Болат Өтемұратовтың Rixos Borovoe отелінде жұрт жаппай уланды
КӨКШЕТАУ. 20 қаңтар. Қазақстандық миллиардер Болат Өтемұратовтың меншігіндегі Rixos Borovoe отелі адамдардың жаппай уланып қалуына жол бергені үшін айыппұл төледі. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Іс материалдарынан Бурабай курортындағы Rixos отелінде 2023 жылғы 8 қыркүйекте 21 қызметкерде бактериялық ішек инфекциясы бар екені анықталғаны белгілі болды. Олардың 9-ы Көкшетаудағы ауруханаға жеткізілген. Содан санитарлық қызмет «Burabay Hotel Management» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тексеру жүргізген.
Осыдан кейін іс сотқа дейін жеткізілді.
Осыған байланысты қабылданған Бурабай аудандық сотының қаулысында: «Burabay Hotel Management» ЖШС ҚР ӘҚБтК 425-бабының 2-бөлігі бойынша құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылсын және ол бойынша мемлекет кірісіне 4 830 000 теңге сомасында айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолдансын», – делінген.