Қылмысына тағы бір бап қосылған Бишімбаев қандай жаза арқалауы мүмкін?
АСТАНА. 20 қаңтар. Қылмыстық ісі аясында тағы бір бап мойнына ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевтың алатын жазасы ауырлай түсетін түрі бар. Бұл туралы Tengrinews.kz ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Әйелін өлтіргені үшін айыпталушы Қуандық Бишімбаевқа 16 қаңтарда тағы бір қылмыстық баптың қосылғаны белгілі болды. Бастапқыда ол «Адам өлтіру» бабы бойынша қамалып, тергеуге түскен еді. Кейін ол «Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы) болып өзгертілді. Ал ең соңынан күдіктіге «Қинау» (110-баптың 2-бөлігі) айыбы да таңылды.
Қазақстандық адвокат Хамида Айтқалиева редакцияның осы іске байланысты нақты сұрақтарына жауап бере келіп, белгілі болған жаңа мән-жайлар жөнінде өз пікірін білдірді. Ол сонымен қатар біраз уақыттан кейін қылмыстық іске неге Қинау» бабының қосылғанын айтты.
«Заң шығарушы қинауға «денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соқпаған, ұдайы ұрып-соғу немесе өзге де күш қолдану әрекеттері арқылы тән зардабына немесе психикалық зардап шегуге ұшыратуды» жатқызады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 110-бабы күдіктіге соталды тергеу органы пікірінше, басқа кезеңдерде болған, өзге деректер бойынша тағылған болуы мүмкін. Қылмыстық Кодекстің 110-бабы 2-бөлігі бойынша айып тағылғаны тергеудің білікті құрамды байқағанын білдіруі мүмкін, бұл дәлелденген жағдайда күдіктіге тағылған іс-әрекеттің аса қауіптілігін көрсетеді», – деді заңгер.
Хамида Айтқалиева аталмыш қылмыстық іске қатысы жоқтығын, сондықтан күдіктінің әрекетін бағалауға құқығы болмайтынын атап өтті.
«Мен бұл істің мән-жайын білмеймін. Күдіктінің әрекетін бағалауға құқым жоқ. Менің ойымша, екі жақтың біріне жанашырлық танытқан әрбір адам сот шешімін күтуі керек», – деді ол.
Заңгер күдікті Бишімбаев екі қылмыстық әрекет үшін қандай жазаға тартылуы мүмкін деген сұраққа жауап берді.
«Жазаға келетін болсақ, теориялық тұрғыдан алғанда, екі қылмыстық құқық бұзушылық жиынтығы бойынша (ҚК 110-бабы 2-бөлігі және 99-бабы 2-бөлігі) ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, айтарлыықтай қатаң жаза тағайындалуы мүмкін. Мысалы, ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген. Күдіктің ауырлығын және ҚК-нің 99-бабы 2-бөлігінің аса ауыр санатқа жататынын ескере отырып, ҚК-нің 54 және 58-баптарына сілтеме жасай отырып, аталған қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша сот не 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын, не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауы мүмкін», – деп түйіндеді адвокат.
Еске сала кетейік, сөз болып отырған қанды оқиға 9 қараша күні Астанадағы «Бау» ресторанында орын алды. Осында әйелімен бірге келіп, бір тәулікке жуық уақыт демалған экс-министр Қуандық Бишімбаев жан төзгісіз қылмыстық іс жасады. Ол жұбайы Салтанат Нүкенованы үздіксіз ұрып, соққыға жығуы салдарынан оның өліміне себеп болған. Таңертең ессіз жатқан әйелге тек кешке қарай ғана «жедел жәрдем» шақырған. Бұл кезде марқұмның әлдеқашан бақилық болып кеткені айғақталады. Содан кейін күдікті 11 қараша күні қамауға алынды.