Премьер-министр уақыт белдеуін ауыстыру туралы қаулыға қол қойды
АСТАНА. 20 қаңтар. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ел аумағында уақыт белдеуін ауыстыруға қатысты құжатқа қол қойды. . Бұл туралы Halyq Uni ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құжатта Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында 5-ші сағат белдеуі қолданылады деп жазылған.
«Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері 2024 жылдың 29 ақпанынан 2024 жылдың 1 наурызына қараған түні (сағат 00:00-де) жергілікті уақытты 1 сағат артқа ауыстырсын», – делінген қаулыда.
Осылайша бұл қалалар мен облыстардың қазіргі уақыттары бір сағатқа кейін шегеріліп, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстары уақытымен теңестіріледі. Демек, бұл облыстарда қазіргі уақыттары сақталып қалады.
Қаулыда Мәдениет және ақпарат министрлігінің халықты Қазақстан аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы хабардар етуге міндетті екені атап өтілген.
Қаулы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
Айта кетейік, Сауда және интеграция министрлігінде 2023 жылдың ақпанында осы мәселенің зерттеу мақсатында ғалымдар тобы құрылған. Ақырында 11 айдан аса уақыттан кейіін жауапты органдар мен ғалымдар осындай ортақ шешімге келген.