Футбол: Қазақстан Сан-Мариноны ұтты. Енді соңғы шешуші матч қалды
АСТАНА. 17 қараша. Қазақстан Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде өз алаңында Сан-Мариноны қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Осыдан кейін іріктеу турнирінде ойналмаған соңғы турдың ойыны қалды.
Бұған дейін қазақстандықтар бүгінгі қарсыластарымен үш рет кездесіп, үшеуінде де жеңіске жеткен еді. Олар 4:0, 3:1, 3:0 деген есептермен аяқталды.
Матч елордадағы «Астана-Арена» спорт кешенінде ойналды. Оның 30 мыңдық трибунасы толып отырды. Ойынның құрметті қонақтары арасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та болды.
Құрамалар алаңғы мына сөрелік құрамда шықты:
Қазақстан – Шацкий, Қайыров, Малый, Марочкин, Быстров, Досмағамбетов, Чесноков, Бейсебеков, Зуев, Оразов, Айымбетов;
Сан-Марино – Бенедеттини, Този, Росси, Ди Майо, Фабри, Баттистини, Лаццари, Муларони, Капиккьони, Голинуччи, Нанни.
Кездесудің басы күтпеген жерден меймандардың шабуылымен басталды. Бұдан кейін алаң иелері ойын тізгінін қолдарына алғандарымен, қарсыластар қақпасына пәлендей қарқынды шабуылдар жасай алмады. Бірінші таймда біздің жігіттер екі рет қана қонақтар қақпасына туралап доп тебе алды. Оның алғашқысында жартылай қорғаушы Ислам Чесноков айып алаңының сыртынан ұрған добын дарбаза торынан бір-ақ шығарды. Ал Александр Зуев тепкен допты маринолықтар қақпашысы соңғы сәтте маңдайшадан асырып жіберді.
Сөйтіп, есеп 19-минутта ашылды. Келесі допты да Чесноков түсірді. Оның 51-минутта айып алаңы сыртынан жерлетіп жөнелткен добына қарсыластар голкипері тосқауыл қоя алмады.
Осы жеңістен кейін ұпай қорын 18-ге апарған Қазақстан құрамасы Словения мен Даниядан 1 ұпай қалып, үшінші орнынан қозғалмады. Ал бүгін түнде аталмыш екі құрама дат елінде күш сынасады. Енді Магомед Адиевтің шәкірттері 20 қараша күні Люблинде Словениямен кездеседі. Бұл екі команда үшін де шешуші кездесу болғалы тұр. Егер сол ойында біздің жігіттер ұтар болса, Еуропа чемпионатына жолдама алып қалуы мүмкін.