Қызылжарда сепаратистер тобының ісін қараған сот процесі басталды
ҚЫЗЫЛЖАР. 6 қараша. Солтүстік Қазақстан облысының орталығында «Еңбекшілер халық кеңесі» деп аталған астыртын сепартистер тобына қатысты сот отырысы қолға алынды. Бұл туралы ҚазТАГ ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сотталушылар биылғы 19 наурызда Қызылжарда «Еңбекшілер халық кеңесі» деп аталатын өзін өзі жариялаған топтың құрылғанын мәлімдеген болатын. Кейін прокуратурадағылар хабарлағандай, жиналыс барысында олар «Еңбекшілер халық кеңесінің» мүшелері Қазақ мемлекетінің құрылуының легитимділігі мен заңдылығын және оның тәуелсіздігін мойындамайтындары туралы декларацияға қол қойған болып шықты.
«Қызылжар қалалық сотының судьясы Алмас Жұмағазин жанжалды істі қарап жатыр. Сотталушылар орындығында 48 жастағы автослесарь Вячеслав Зудерман (ол соттағы талдау барысында өзінің анкеталық мәліметтерін бұқаралық ақпарат құралдарында атай беруге рұқсат берген топтағы жалғыз адам), 42 жастағы Елена Б, 52 жастағы Мәдина К. Және 37 жастағы Ольга Б. Отыр. Айтпақшы, бұлардың соңғысы әзірге үй қамақта, қалғандары – құлып астында», – деп хабарлайды Sputnik.
Хабарламада айтылғандай, айыптау актісінде КСРО мен Қазақ КСР-ның тіршілік етуі туралы жалған ғылыми конспирологиялық теориялардың жақтаушысы болып табылатын Зудерман 2021 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қауіпсіздігі мен тұтастығы және бірлігін бүлдіруді насихаттауды барынша қылмыстық жолмен қолға алуды ойластыруға кіріседі. Қазақстан Республикасының қолданыстағы конституциялық құрылымын, мемлекеттік органдары мен заңнамаларын заңды деп мойындамай, Қазақстанды тәуелсіз мемлекет емес, әлдеқандай бір корпорация деп санай отырып, ол өзінің таныстарына, сондай-ақ әлеуметтік желілерге аталмыш тақырып жөніндегі идеяларын, көзқарастарын, аргументтері мен басқа да тұжырымдарын таратуға шешім қабылдайды.
Өзіне жақтастар іздеген Зудерман 2021 жылғы кезеңде «Народный дозор. Петропавловск», «Народный совет. Петропавловск» деген атаулары бар чаттар арқылы жұмыс жасады. Оған өз құқықтарын қорғау деген ортақ идея бойынша біріккен Қызылжар тұрғындары Елена Б., Мәдина К., Ольга Б. және басқалар қосылды. Олардың көзқарасынша, мемлекеттік органдар білім беру, денсаулық сақтау секілді салаларда тәртіп бұзушылыққа жол беріп келеді.
КСРО-ның 1936 жылғы Конституциясына сүйенген Зудерман Қазақстанның Кеңес Одағы құрамынан шығуын заңсыздық деп санайды екен. Ал Конституцияның бұдан кейін де өзгергенінде мүлде шаруасы жоқ.
Хабарламада айтылғандай, Зудерман 19 наурызда өткен жиналыстың алдында «Еңбекшілер халық кеңесінің» декларациясын өзі жасап шыққан. Ондағы айыптау актісінде Қазақстан Республикасының құрылуы жалғандық деп түйіндеп, оны «Қазақстан Республикасы корпорациясы» ретінде атап көрсетеді, ҚР мемлекеттік қызметкерлерін құрылтайшылар мен агенттер деп атап, оларға сенімсіздік білдіреді, сөйтіп, өзін өзі басқару туралы, самодержавие туралы айта келіп, өздерінің («халық кеңесінің») Қазақстан Республикасы мен қазір өмірде жоқ ҚазКСР-і мемлекетінен тәуелсіз және егемен территориялық тұтастығы туралы жариялайды.
Саясаттанушылар мен басқа да мамандардың қатысуымен жүргізілген комиссиялық психологиялық-филологиялық сот сараптамасының тұжырымына сәйкес, «Халық кеңесінің» декларациясы мен басқа да құжаттарында сепаратизм мен мемлекет қауіпсіздігін бүлдіруді насихаттау сарыны бар екені анықталды.
Сарапшылар материалдардың елдегі қоғамдық-экономикалық және саяси жағдайды тұрақсыздандыру мен сепаратистік көңіл-күйдің артуына жол ашатын саяси және әлеуметтік тәуекелге алып баратын қауіпті құбылыс болып табылатынын атап көрсетті.
«Осылайша, Вячеслав Зудерман, Елена Б., Мәдина К., Ольга Б. еліміздің конституциялық құрылымына қарсы және мемлекет қауіпсіздігін бүлдіретін әрекеттерге бару арқылы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі 179-бабының 2-бөлігінде (адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестік лидері жасаған не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер), 180-бабының 2-бөлігінде (адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бірлестік лидері жасаған не бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол әрекеттер) қарастырылған ауыр қылмыс жасады», – деді сөзінің қорытындысында мемлекеттік айыпталушы.
Кодексте бұл баптардың әрбірі бойынша сотталушыға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Зудерман сондай-ақ үйінде заңсыз қару ұстағаны үшін де айыпталып отыр.
Еске сала кетейік, 31 наурызға қараған түні «Халық кеңесі» мүшелерінің сепаратистік әрекеттеріне байланысты қылмыстық із қозғалған болатын Оған Мәжіліс депутаттарының бас прокурор Берік Асыловқа осы мәселе бойынша үндеу жариялағаны себеп болды.
12 сәуірде Солтүстік Қазақстанда сепаратизм ісі бойынша 20-ға жуық адамның күдікті болып отырғаны баяндалды. 18 сәуір күні олардың үшеуі қамауға алынды.