Қызылорда облысы: Сырдария ауданындағы сайлауда әкімнің есімі белгілі болды
ТЕРЕҢӨЗЕК. 6 қараша. Қызылорда облысының Сырдария ауданында пилоттық режимде жаңадан сайланған аудан әкімі көпшілікке таныстырылды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында жаңадан сайланған Сырдария ауданының әкімі таныстырылды», – делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, кеше Қазақстанда бірінші рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауы өтті. Сыр бойында бұған Сырдария және Шиелі аудандары қатысты.
Аймақ басшысы жиында тәуелсіз Қазақстанның тарих жылнамасына жаңа саяси реформалармен қадам басқанын айтып, сайлау науқанында жоғары белсенділік танытқаны үшін аудан тұрғындарына ризашылығын білдірді.
«Ел жаңғыруының бастамасы ретінде Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша республикалық референдум, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Осы саяси науқандарды Сыр жұртшылығы ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, жоғары деңгейде өткізді. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының саяси жүйені жаңғырту бойынша қабылдаған шешімінің жалғасы ретінде күні кеше елімізде алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Осы науқанда Сырдария ауданының тұрғындары жоғары белсенділік танытып, мызғымас бірлігін көрсетіп, ауданның жарқын болашағы үшін өз таңдауларын жасады», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов Сырдария ауданы әкімі сайлауының қорытындысын хабарлады. Мұнда сайлаушылардың 72,3 пайызы дауыс беруге келген. Нәтижесінде 84,3 пайыз дауыс алған Берік Әбдіғаппарұлы Сәрменбаев Сырдария ауданының әкімі болып сайланды. Ол бұған дейін де осы ауданды басқарып келген болатын.
Комиссия төрағасы жиында Берік Сәрменбаевқа аудан әкімінің куәлігін тапсырды.
Облыс әкімі алдағы уақытта жаңадан сайланған аудан басшысына дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізуді жүктеді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев пен мәдениет саласының ардагері Алмагүл Бақтиярова жаңадан сайланған Берік Сәрменбаевты құттықтап, қызметте сәттілік тіледі.
Еске сала кетейік, мұндай пилоттық негіздегі әкімдер сайлауы кеше сондай-ақ Абай облысының Курчатов қаласында, Ақмола облысының Астрахан, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандарында, Ақтөбе облысының Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында, Алматы облысының Балқаш және Жамбыл аудандарында, Атырау облысының Исатай және Қызылқоға аудандарында, Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы, Қаратөбе, Тасқала аудандарында, Жамбыл облысының Жуалы және Тұрар Рысқұлов аудандарында, Жетісу облысының Кербұлақ және Сарқанд аудандарында, Қарағанды облысының Приозерск қаласы мен Ақтоғай, Осакаровка аудандарында, Қостанай облысының Рудный қаласы мен Алтынсарин, Денисов, Қарабалық, Федоров аудандарында, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Павлодар облысының Ақтоғай, Железин, Шарбақты аудандарында, Солтүстік Қазақстан облысының Есіл, Мәмлүт, Тимирязов аудандарында, Түркістан облысының Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ, Шардара аудандарында, Шығыс Қазақстан облысының Алтай және Глубокое аудандарында, Ұлытау облысының Ұлытау ауданында өтті.