Қызылорда облысының екі ауданында әкімдер сайлауы жүріп жатыр
ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қараша. Бүгін Қызылорда облысының Шиелі және Сырдария аудандарында алғаш рет пилоттық негізде әкімдер сайлауы өтуде. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Осылайша бүгін, жексенбі күні тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш мәрте бірқатар аудандар мен қалалардың әкімдері сайланады.
«Президент бастамасымен қолға алынған сайлауды жергілікті тұрғындар қолдап, өзі қалаған кандидаттарға дауыс беруде. Таңнан бері сайлаушылар учаскеге ерте келіп, өз таңдауларын жасауда», – делінген облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Мәліметке сай, екі аудан бойынша әкімдікке сайлауға түсіп жатқан 6 үміткерге 72 мың сайлаушы дауыс бере алады.
«Сайлау күні дауыс беру учаскелеріне балаларымен бірге келген отбасылардың қатары көп. Көпбалалы отбасылардың саяси науқанда белсенділік танытуы дәстүрге айналған», – делінген баспасөз парақшасында.
Саяси науқанда алғаш рет дауыс берген, алғаш рет некеге отырған ерлі-зайыптылар да өз таңдауларын жасады. Екі аудан бойынша 18 жастағы 1011 азамат бірінші рет дауыс беру мәртебесіне ие болды.
Мұнан бөлек, әкелер және әжелер ансамблі, полициялар мен ұстаздар династиясының өкілдері де бюллетень алып, дауыс берді.
Сайлау күні 109 бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмыс жасап тұр. Осы уақыт аралығында әртүрлі сұрақтармен 129 рет қоңырау түскен.
Сайлауда 344 азамат үйден дауыс беруге өтініш қалдырған. Олардың бәріне де тасымалданатын жәшік барады.
Барлық учаскелерде азаматтардың дауыс беру құпиялығы сақталатын арнайы кабиналар перделермен қамтылған.
Сондай-ақ, сайлаудың ашықтығын бақылауға келген тіркеуден өткен байқаушылардың да легі көп. Сағат 15.00-ге дейін учаскелерде заң бұзушылықтар тіркелмеген.
Айта кететін жайт, Шиелі және Сырдария аудандарында бүгін таңертеңнен бері барлығы 58 учаске жұмыс істеп тұр.
Дауыс беру жергілікті уақыт 20.00-ге дейін жалғасады.