Қызылорда: аудандар әкімдері сайлауында кейбір сайлаушылар үйден дауыс берді
ҚЫЗЫЛОРДА. 5 қараша. Қызылорда облысының Сырдария және Шиелі аудандарындағы әкімдер сайлауында кейбір сайлаушылар өз өтініштеріне сәйкес үйлерінде дауыс бере алды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Пилоттық режимде өтіп жатқан Сырдария және Шиелі аудандары әкімдерінің сайлауына қатысып жатқан халықтың белсенділігі жоғары», – атап көрсетеді баспасөз қызметі.
Хабарламаға сәйкес, таңсәріден учаскелерге ат басын тіреген сайлаушылар маңызды науқаннан тысқары қалмай, бірлік танытқан.
«Тұрғындар Президент бастамасын қолдай отырып, аудан әкімі болуға үмітті кандидаттарға дауыс беріп, өз таңдауын жасады», – делінген хабарламада бұдан әрі.
Мәлімет бойынша, бүгінгі күні екі аудан бойынша 72 мыңнан аса сайлаушы тіркелген.
Ал дауыс беру учаскесіне келе алмаған азаматтар алдын ала өтініш білдірген. Олардың саны – 718. Соның ішіндее Сырдария ауданында – 374, Шиелі ауданында 344 адам осы қызметті пайдалана білген.
Сайлау кезінде есту, көру қабілеттері төмен сайлаушыларға арнайы траферет және аудиоматериалдар қолжетімді болған.
Сол сияқты қимыл-қозғалысы қиын мүгедектігі бар азаматтарды тасымалдау үшін бірнеше инватакси қызмет етуде. Сондай-ақ екі ауданда сайлаушылар үшін 5 инватакси жұмыс жасап тұр.
Тағы бір айта кетер факт, Сырдария ауданында – 18, Шиеліде 40 сайлау учаскесі жұмыс істеуде. Онда 388 комиссия мүшесі қызмет атқарады.