РФ Қазақстанда «НАТО орталығы ашылуына» орай жаңа жанжал шығарды
МӘСКЕУ. 25 қазан. Ресейліктер Қазақстанда «НАТО стандарттары бойынша бітімгерлерді даярлау орталығы» ашылғаны жайлы ақпар тарағалы бері қатты дүрлігіп жатыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Шетел бұқаралық ақпарат құралдарында Алматыдағы бітімгерлік операциялар орталығында жаңа конференц-зал ашылғаны жайлы хабар жарияланды. Шара АҚШ елшісі Дэниэль Розенблюмнің қатысуымен өткен көрінеді. Осыдан кейін ресейлік ресурстарда бітімгерлердің НАТО стандарты бойынша даярланатыны жайлы ақпар тарай бастады.
Бұдан кейін РФ-да нағыз жанжал туып кетті. Осыдан кейін Кремльдің спикері Дмитрий Песков мәселеге түсіндірме беруге мәжбүр болды. Ол өзінің Ресей БАҚ-тарында жарияланған мәлімдемесінде аталмыш орталық жайлы «барынша нақты мәліметтер жинау қажет» екенін айта келіп, алайда Кремльдегілердің мұның жайын «Астанадағы достарынан алғылары» келетінін атап өтті.
Кейінірек Қазақстан Қорғаныс министрлігі арнайы мәлімдеме жасап, орталықта бітімгерлік операцияға қатысатын қазақстандық персоналды даярлау БҰҰ стандарттары бойынша жүргізілетінін баяндады. АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де өз мәлімдемесін жариялады.
Алайда бұған қанағаттанбаған Ресейдің Z-әскери тілшілері ҰҚШҰ-ның кезекті мүшесінің одақтастықтан шығып кетуінің зардаптары қандай болатынын жарыса айтып, ресейліктерді қорқытуға кірісіп кетті. Олар мұнымен де шектелмей, бұлай бола берсе, Қазақстанның Украина тағдырын кешетінін айтып, көпе-көрнеу қоқан-лоққы жасай бастады.
Ал әскери пропагандист Александр Сладков Мәскеудің Қазақстанға ықпалы жоғалған жағдайда оның орнын сол заматта НАТО басатынын баяндады.
«Бірақ Қазақстанмен арадағы ахуал бөлек. Біз [Ресей] кетсек немесе асыра сілтеп жіберсек болды, бұл дала еліне НАТО келеді. 100 пайыз. Пардон, НАТО Қазақстанға келіп те қойды. Бізге болып тұрған екі варианттың бірін таңдауға тура келеді».,– деп атап өтті әскери тілші.
Александр Сладков сондай-ақ бұған не Астананың ықтимал одақтастары (Ресей, Қытай немесе ангосакстар) арасынан АҚШ-ты таңдап алуы, не осының бәрі оның «көп векторлы» саясатты жалғастыруы мен өзінің айлалы саясат ойының жүргізуі болып шығуы мүмкін деп есептейді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанмен бірге Орталық Азияның басқа мемлекеттері Ресейге қарсы санкцияларды күшейткендерін мәлімдеген еді.