Путин ядролық соғысқа дайындық кезеңін ТВ арқылы көрсетіп, сес білдірді
МӘСКЕУ. 26 қазан. РФ диктаторы Владимир Путин әскерилермен бірге ядролық соғысқа дайындық барысын телеарнадан көрсетіп, жұртқа мұндай шайқасқа әзір екенін аңғартты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Кремльдің баспасөз қызметі Ресей әскерилерінің сәрсенбі күні жаппай ядролық соққы беру жаттығуын өткізгенін растады.
Кремль атап көрсеткендей, ядролық триада компонненттері – жерге орналасқан ракеталар, стратегиялық сүңгуір қайықтар және алысқа ұшатын авиация түгел қатысқан жаттығу жиыны барысына президент Владимир Путиннің өзі тікелей басшылық жасаған.
Плецеск сынақ космодромынан Камчаткадағы «Кура» полигонына континент аралық «Ярс» баллистикалық ракетасы жіберілді, Баренцк теңізінің акваториясындағы «Тула» атомды ракета сүңгуір қайығынан «Синева» ракетасы ұшырылды, жаттығуға сондай-ақ әуеде қанатты ракеталарды атуды жүзеге асыратын Ту-95МС ұшақтары да тартылды.
«Ресейлік диктатор Владимир Путин тағы да ақыл-есі түзік және өркениетті әлемге агрессор елдің әлі күнге дейін ядролық оқтұмсықтарды тасымалдауға қабілетті ракеталарды пайдалана алатынын көрсетуге шешім қабылдапты. Бұл жолы ол ядролық тежеу деп аталатын шара бойынша өткен жаттығу барысында олардың атылуына жеке өзі бұйрық беріп тұрды, – деп жазды «Диалог.ua».
Кремль сайты мен насихаттық ақпарат агенттіктері Путиннің қорғаныс министрі Сергей Шойгу мен бас штаб бастығы Валерий Герасимовке ракеталарды жіберуге рұқсат беріп тұрған сәтінің фотолары мен видеоларын таратты.
Ал Шойгу мен Герасимов соңынан барлық ракеталардың көзделген нысаналарға дәл тигендерін баяндады.