Үндістанда қақтығыста қаза тапқандар 32-ге жетті
НЬЮ-ДЕЛИ. Үндістан астанасында орын алған жаппай тәртіпсіздіктер мен қақтығыстардың нәтижесінде 32 адам қаза тапты. Бұл туралы «NDTV» телеарнасы хабарлады.
Үндістер мен мұсылмандар арасында болып жатқан жанжал 23 ақпан күні басталды.
Бірнеше күнде 200 адам зардап шекті, ондаған адамды полиция қамауға алды.
Бұл қақтығысқа Үндістанның азаматтығы туралы заңына өзгеріс енгізілуі себеп болыпты.
Ол Пәкістан, Ауғанстан және Бангладеш секілді Оңтүстік-Азия елдерінен қысым көріп, осында келетін мұсылман емес босқындарға азаматтықты берудің жеңілдетілген шарасын қарастырды. Бірақ бұл өзгертулердің аймақтағы басқа елдерге, соның ішінде Непал мен Шри-Ланкаға, сондай-ақ мұсылмандарға қатысы жоқ. Осы заң үндістандық мұсылман қауымын дүр сілкіндіріп, қарсылық қозғалысына дүмпу берді. Сонда басқа дін өкілдері оларға тап берді.