Путин Қызыл алаңдағы спорт парадын жаңғыртуды талап етті
МӘСКЕУ. 20 қазан. Ресей диктаторы Владимир Путин сонау Сталин бастап беріп кеткен Қызыл алаңдағы спортшылар парадын қайта қалпына келтіруге пәрмен берді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Ол Ресей халқының кемінде 70 пайызы спортпен шұғылдануы керек екенін айтты. Ал Мәскеудегі Қызыл алаңда «мұртты тиран» Иосиф Сталиннің заманында дәурені жүрген спорт парадтарын қайта жаңғырту керек деп есептейді келесі тиран.
Владимир Путин өзінің бұл пәтуасын Пермь қаласында өткен «Ресей – спорт державасы» атты форумда білдірді. Әлбетте, жайдан жай баяндай салған жоқ, алдымен Халықаралық бокс ассоциациясының (IBA) басшысы, ресейлік Умар Кремлев деген пысықайға осыған байланысты өзіне ұсыныс айтқызып алды.
Диктатор сосын идеяның «жақсы» екенін атап өтіп, дереу қолдай қойды. Ол сондай-ақ Ресейде спортты дасыту басыңқы бағыттардың бірі екеніне назар аударды.
«Біздің міндетіміз – 2030 жылға қарай ресейлік азаматтардың 70 пайызының спортпен шұғылдануларына қол жеткізу, яғни 93 миллион адам үшін спортты қалыпты нәрсеге айналдыру», – деді Путин.
Қызыл алаңда бірінші спорт парады 1919 жылы өткізілді, ал 1931 жылдан бастап мұндай шара жыл сайынғы үрдіске айналды. Алайда Сталин өлгеннен кейін, 1954 жылдан бері қарай парад кілт тоқтатылды.