Жақында Айға спутник қондырған Үндістан енді Күнді зерттеуге кірісті
НЬЮ-ДЕЛИ. 2 қыркүйек. Таяуда ғана Айдың бетіне спутник апарып қондырған үнді елінің ғалымдары бүгін Күнді күнделікті бақылауға алып тұратын тағы бір кемесін ұшырды. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Үндістан сенбі күні «Aditya-L1» спутнигін ғарышқа ұшыру арқылы өзінің Күнді бақылайтын бірінші миссиясын бастады. Ол Күннің анық бет-бедерін түсіруді қамтамасыз етуге арналған», – делінген хабарламада.
Үнді оқымыстылары бұдан бірнеше күн алдын Айға ғарыш кемесін сәтті аттандырып салған болатын. Дәл сол шамада Ресейдің сол Жер серігіне жөнелткен спутнигі көздеген жеріне жетпей, құлап түсіп еді.
Сенбі күні таңертең бірнеше мыңдаған адам «Адитья-L1» спутнигінің ұшырылу мезетін тамашалау үшін «бақылау галереясына» жиналды. Бұл оқиға сондай-ақ ұлттық телеарнадан тікелей эфир арқылы көрсетілді. Бір сағат төрт минут өткеннен кейін миссияның бұл кезеңі сәтті атқарылып шыққаны жаһанға жария етілді.
Хинди тілінен аударғанда, «адитья» сөзі «күн» деген мағына береді.
Үндістан ғарышты зерттеу агенттігінің (ISRO) мәліметі бойынша, спутник төрт айдың ішінде 1,5 миллион шақырым қашықтыққа дейін ұшып бара алады. Ол одан ары нысандардың гравитациялық күштердің тепе-теңдігі есебінен бір орнында тұрып қалатын Лагранж деп аталатын нүктесі орналасқан кеңістікке жетеді. Осының өзі отын жағу шығынын азайтады.
«Сөйтіп, спутник өзінің саяхатын жалғастыра береді – бұл өте ұзаққа созылатын миссия. Енді оған сәттілік тілейік», – деді ISRO басшысы Сридхар Паникер Соманат.
Жоба директоры Нигяр Шаджи «Адитья-L1» өзінің бағыт түзеген нүктесіне жеткен бойда тек Үндістанға ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлем ғылымы қауымдастығына ұшан-теңіз пайда әкелетінін айтты.
Дегенмен, үнді билігінің бұл талпынысына мысқылдай қараушылар да жоқ емес. Әлеуметтік желілерде «елі аш-жалаңаш отырғанда, бұлардыкі не дарақылық?» деп жатқандар жетерлік. Әсіресе, спутник ұшырылған сәт түсірілген видеоны көргендер олардың шат-шадыман болып қуанып жатқандарын қатты мазаққа айналдыруда. Олардың қатарында біздің солтүстік көршілеріміздің өкілдері айтарлықтай көп.