Германияда бір орыс жігіт Украинадан келген баланы суға лақтырып жіберді
БЕРЛИН. 2 қыркүйек. Германияның Төменгі Саксония жеріндегі Айнбек қалашығында бір орыс жігіті украинша сөйлегені үшін он жасар балаға тұтқиылдан шабуыл жасаған. Бұл туралы Bild ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Германияда белгісіз біреу Украинадан келген 10 жасар баланы украин тілінде сөйлеп отырғаны үшін «сен орысша сөйлеуге тиіссің» деп, көпірдің үстінен су ағып жатқан арыққа лақтырып жіберді»,– делінген басылым жазбасында.
Bild атап көрсеткендей, қазір қылмысты зерттеумен жергілікті прокуратура мен полиция айналысып жатыр. Қылмыс жасаушының Ресейден келген орыс азаматы екеніне құқық қорғау органдарының қызметкерлері күмәнданып отырған жоқ.
Көз көргендердің айтуларынша, 10 жасар бала өзі секілді Украинадан келген басқа бүлдіршіндермен бірге ойнап отырған. Сол кезде бір жүргінші бұларға жақындап келіп, олардың өзара украинша сөйлесіп отырғандарына ашу-ыза білдіріп: «сендер орысша сөйлеуге тиіссіңдер» дейді қатқыл дауыспен. Осыдан кейін ол бөбектерге: «Соғысты бастаған сендердің елдерің» деп мәлімдейді. Алайда оның ерсі әрекеттері мұнымен де бітпейді, ол содан кейін 10 жасар баланы желкесінен бүріп алып, арықтың үстіндегі көпірге әкеліп, сол жерден жақтаудың үстінен асыра, арқырап ағып жатқан суға лақтырып жібереді. Бала сайға құлаған сәтте темір белдеуге соғылып, басы мен сол аяғын жарақаттап алады.
Бүлдіршін арықтың ішінде жатқан кезде әлгі еркек оған қарай шыны бөтелкені көздеп тұрып лақтырады. Ол баланың оң иығына келіп тиеді.
Ер кісі осы әрекетінен кейін тез оқиға орнынан қашып кетеді. Көзі көргендер оның 40-45 жастағы адам екенін айтып отыр.
Полиция қазір шовинист орыстың үстінен баланы өлтіруге әрекет жасады деген айыппен қылмыстық іс қозғады. Енді оны көрген куәларға күдіктіні ұстап беруге көмектесуді сұрайды.
Германияның әлеуметтік желісіндегілер болған оқиғаға қатты ашу-ыза білдіруде. Олар Украинадағы соғыстан қашып келген отбасыларына пана тауып бергендерімен, мұнда украиндарға қатер төндіретіндердің табылғанына қайран қалуда.
Бұған дейін Житомир облысында Украина православие шіркеуінің священнигі Украина жалауын ұстап тұрған балаға шабуыл жасап, оның басынан ұрғаны жайлы хабар тараған еді.
Соған дейін Хмельницкий облысының попы жұрттың көз алдында Украина армиясының солдатын ұрған болатын. Ресей православие шіркеуінің Украинадағы өкілі болып табылатын бұлардың екеуі де дереу қамауға алынды. Ал Украинадағы православие шіркеулері биылғы жылы Ресей православие шіркеуінің қарамағынан шығып кетіп, дербес құрылым болып қайта құрылды.