Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Украина барлауының басшысы соғысты Ресей аумағына көшіруді ұсынды

КИЕВ. 1 қыркүйек. Украина бас барлау басқармасының бастығы Кирилл Буданов ұрыс қимылдарын Ресей территориясына қарай аудару жөніндегі ойларын айтты. Бұл туралы The Moscow News дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.

Украинаның бас барлаушысы Мәскеу бастаған басқыншылық соғысты Ресей жеріне қайтару керек деп есептейді. Ол мұны журналист Наталья Мосийчукке берген сұхбатында мәлімдеді.

«Соғыс басқа территорияға қарай ауыстырылуы тиіс, ал біз үшін Ресейдің басқа территория болып табылатыны түсінікті шығар. Оларды бір шашыратып жіберіп, кісенге байлап тастау үшін. Операция ауқымы кеңейген сайын бізге жақсы бола береді», – деді ол.

Алайда Будановтың бұл позициясы Украина президенті Володимир Зеленьскийдің осы мәселе жөніндегі пікірімен үйлесе қоймайды. Тамыз айында ғана Зеленьский Аргентинаның Nacion басылымына берген сұхбатында Киевтің жанжалды Ресей атырабына көшіруге құштар болып отырмағанын айтқан еді.

«Украина соғысты Ресей территориясында жалғастыруды қаламайды, бұл ешқашан біздің мақсатымыз болған емес», – деді ол. Осының қарсаңында украин президенті сондай-ақ мұндай қадамды Украинаның одақтастары қолдамайтынын айтқан. «Мұндай жағдайда біздің жалғыз қалу қаупіміз бар», – деп баяндады президент. Ол сонымен бір мезгілде дрондардың Ресей территориясындағы нысандарға соққы берулері жайында жағымды пікір білдірді. «Күн сайын РФ территориясының бір жерінде кезекті жарқылдақтың болып жатқаны жайлы естіп отырамыз. Кейде күшті, кейде әлсіздеу жарылыстар болып тұрады. Бірақ бұлардың бәрі сәл де болса әділдікті сезінуімізге мүмкіндік береді», – деді Зеленьский.

Ал Буданов Ресейдің Украинаға басып кіруі мен соғысты Ресей территориясына қарай ауыстыруды бір-бірімен салыстырудың дұрыс емес екенін алға тартады. «Біз РФ қолданып отырған тәсілдерді пайдаланбаймыз. Сондықтан бұларды салыстыру мүлде дұрыс емес», – деді ол.

Биылғы шілде айында Зеленьскийдің өзі де соғысты Ресей территориясына қайтару хақында айтқан болатын. «Соғыс біртіндеп Ресей территориясына – оның символдық орталықтары мен әскери базаларына қайта оралады, мұның өзі – болмай қоймайтын, табиғи және барынша әділ үдеріс», – деген еді Зеленьский украин энергетикасын қыс маусымына дайындау жайында айта тұрып. Ол сол жолы ресейлік әскерилердің «ұрыс даласында толық банкротқа ұшырағанын», ал украин армиясының барған сайын күшейе беретінін атап өтті.

 

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button