Ресейдің Азия ойындары арқылы Олимпиадаға қатыспақ үміті үзілді
МӘСКЕУ. 2 қыркүйек. Ресей және Беларусь спортшыларының Азия ойындарына қатысу арқылы Олимпиадаға бару жоспарларының күлі көкке ұшты. Бұл туралы The Indian Express дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресей және белорус спортшылары 23 қыркүйекте сөреден шығатын Азия ойындарында болмайды», – делінген хабарламада.
2024 жылы Парижде жалау желбіреткелі тұрған Олимпиялық ойындардың сөре тартар шағына жылдан аз уақыт қалды. Осы тұста РФ армиясының Украинаға басқыншылықпен басып кіріп, соғыс өртін тұтандырғаны үшін спорттың көптеген түрлері бойынша халықаралық жарыстардан шеттетілген Ресей мен Беларусь атлеттері жаһанның төрт жылда бір айналып келетін басты жарысынан тыс қалып қоймауға жанталаса әрекет жасап бағып жатыр.
Орыстар мен белорустар соңғы рет Ойындарға қатысудың айтулы саңылауы ретінде 23 қыркүйекте Қытайдың Ханьчжоу қаласында басталатын Азия ойындарын пайдаланып қалуға ұмтылды. Осы ойындар арқылы РФ және Беларусь спортшылары Париждегі Олимпиадаға лицензия алмақшы болды. Алайда бұл талпынысқа да тойтарыс беріліп, жоспарларының күлі көкке ұшты.
«Кеше, 1 қыркүйек, жұма күні Ресей мен Беларусь елдерінің өкілдеріне Азия ойындарына қатысуға рұқсат етілмеді», – деп жазады The Indian Express Азия олимпиялық комитетінің мәлімдемесіне сілтеме жасап.
Ұйым тиісті шешімді Халықаралық олимпиялық комитет қабылдағанын баяндады.
Азия ойындары 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында өтеді. Оның бағларламасына енгізілген спорттың көптеген түрлері жарыстарына 45 елдің атлеттері қатысады.
Азия ойындары бірқатар спорт түрлерінің Олимпиадаға іріктеу сайысы болып есептеледі.
Ескерте кетейік, бұдан бұрын Германия Ресей спортшыларын ескек есуден жастар арасындағы Еуропа чемпионатына қатыстырмай қойған болатын. Алман елінің билігі мұны ресейліктерге виза бермеу жолымен істеді.
Оның алдында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының ресейліктерді биылғы 4-17 қыркүйекте Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтетін әлем чемпионатына қатыстырмайтыны белгілі болды.