Украина түстіктегі шепті бұзды, РФ армиясы қиын жағдайда қалды – Bild
БЕРЛИН. 31 тамыз. Украина Қарулы күштері оңтүстік майданда Ресей армиясының қорғаныс бекінісін қирата бұзып шыққаннан кейін оккупанттар шұғыл шегінуге мәжбүр болып жатыр. Бұл туралы алманның Bild басылымы дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Украина армиясы Оңтүстік майданда ресейліктерді басқа учаскелерден күш әкелуге мәжбүр етіп, стратегиялық жағынан әлсіретіп жатыр», – деп жазды журнал.
Украин әскерлері Ресейдің Запорожье облысындағы басты қорғаныс шебін, атап айтқанда, осы өңірдегі «Суровикин желісін» бұзып шықты. Олар ауыр техникалардың көмегімен шабуыл жасау орнына, солдаттарын жаудың танкке қарсы қойылған темір кедергілері мен терең траншеяларын жаяу айналып өтіп, басқыншылардың ту сыртынан соққы беруге жіберді. Операция сәтті аяқталып, оккупанттар қисапсыз шығынға ұшырады. Алман (неміс) журналистері мұның жайын егжей-тегжейлі жазды.
«Суровикин желісі» дегеннің өзі танктің жүріп өтуін қиындататын темір қада-кедергілер мен терең қазылған ор-траншеялардан тұрады. Мұндай қорғаныс бекіністері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бірінші рет осы жерде жасалып отыр.
Басылымның жазуынша, тұтқиылдан берілген найзағай шабуылдың салдарынан алдарынан шегіну немесе қайтпай шайқасу деген күрделі міндет шыға келген ресейліктер қорғаныс позицияларын қалдырып кетуге мәжбүр болған. Себебі, шайқасты жалғастыру сөзсіз олардың түгел қырылып қалуына апарып соқтыратын еді.
НАТО-ның жаяу әскерлер күштері және артиллерия жүйесі жөніндегі әскери сарапшысы Томас Тайнер Украинаның «басты соққысы» көп ұзамай беріледі деп есептейді, ол негізінен бұған дейін ұрыс қимылдары болмаған аумақта жүзеге асырылады.