Африка тағы буырқанып жатыр: Габонда әскерилер тақты төңкеріп тастады
ЛИБРЕВИЛЬ. 31 тамыз. Африканың батыс қапталындағы Габон мемлекетінде әскерилер елді ұзақ жылдар билеген әулетті тақ маңайынан үдере қуып шықты. Бұл туралы Reuters ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Төңкеріс жасаған әскери қызметкерлер мемлекетті 14 жыл басқарып үлгерген президент Али Бонго Ондимбаның биліктен шеттетілгенін жариялады.
Кеше, сәрсенбі, 30 тамыз күні Габон армиясында айтарлықтай жоғары лауазымды қызмет атқаратын офицерлер жергілікті ТВ-дан сөз сөйлеп, соның алдында өткен президент сайлауының нәтижесімен келіспейтіндерін мәлімдеді.
Бұдан бөлек, бүлікшілер Габондағы мемлекеттік институттардың бәрін таратып жіберіп, шекараның толық жабылғанын жария етті.
«Біз қазіргі режимнің түбіне су құйдық», – деді Ондимбаны тақтан тайдырған офицерлер.
Атап өту керек, жақында өткен президент сайлауында 2009 жылдан бері билік бишігін уысында ұстап келе жатқан президент Али Бонго Ондимба 64 пайыздан жоғары дауыс жинады, ал оның негізгі қарсыласы Альберт Ондо Оссаға 31 пайызға жуық дауыс тиесілі болды. Осылайша, Ондимба үшінші мерзім президент тағында отыруға тиіс еді.
Алайда сайлауда өз билігін пайдаланған іс басындағы президент көптеген заңсыздықтарға барды есептеген әскерилер мұны тән алмай, артынша бірден бой көтерді. Бұған себеп те жоқ емес еді. Мысалы, сайлауда іс жүзінде бірде-бір халықаралық бақылаушы болған жоқ. Бұған қоса, сайлау өтіп болған бойда елге коменданттық сағат енгізілді. Осыған орай дереу интернет өшірілді. Биліктің бұл шараларының бәрі сайлау процесінің таза да әділ өткеніне күдік тудырып жіберді.
Тағы бір есте болатын жайт, Ондимба әулеті Габонды соңғы 56 жылдан бері басқарып келеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Африкадағы Нигер елінде де әскерилер президент Базумды тақтан тайдырған болатын. Онда айналасындағы мемлекеттердің бәрі орнынан алынған президентті жақтап шықты. Тіпті БҰҰ-ға дейін соның жағында тұрды. Соған қарамастан, нигерлік әскерилер билікті қайтып бермей отыр.