Украина түнде Ресей территориясына кең ауқыммен шабуыл жасады
КИЕВ. 30 тамыз. Украина Қарулы күштері соғыс басталғалы бері бірінші рет Ресей территориясына кең ауқыммен шабуыл жасап, алты облысты табанынан тік тұрғызды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сілтеме жасаған rast.kz хабарлайды.
Украина соғыс басталғалы бірінші рет Ресей аумағына аса ірі көлемде шабуыл жасауды жүзеге асырды. Түнде ұшқышсыз ұшақтардың соққысына Псков, Брянск, Орел, Калуга, Рязань және Мәскеу облыстарындағы түрлі нысандар ілікті.
Ең қатты зарп Украина шекарасынан 700 шақырым жердегі Псковта орналасқан РФ қорғаныс министрлігіне қарасты әуежайға берілді. Алайда рейдке нақты қанша дронның қатысқаны жөнінде ресми мәлімет жоқ. Baza олардың 10 екенін жазды. Басқа деректер бойынша, 20 беспилотник болған сияқты. Жарылыс шамамен 23:40 сағатта басталып, екі сағатқа созылған.
Псков облысының губернаторы Михаил Ведерников зардап шеккендер жоқ екенін баяндады. Бірақ шұғыл қызметтегілер «төрт Ил-76 әскери-көлік ұшағының бүліншілікке ұшырағанын» ТАСС тілшісіне жеткізді. Псковта әуе-десант әскерлерінің 76-шы гвардиялық десант-штурм дивизиясы орналасқан. Бұл дивизияның жауынгерлері Бучаны басып алуға, сонда орын алған геноцид, тонау, зорлау актілеріне қатысқан.
Брянск облысында үш ұшқышсыз ұшақтың атып түсірілгені айтылып жатыр. Baza дрондардың бірінің Ресейдегі микроэлектроника өндіретін аса ірі кәсіпорын – «Кремний ЭЛ» зауытына құлағанын жазды. Ал бұл микроэлементтер «Искандер» және «Панцирь» ракеталарын шығаруға қолданылады. Зауыттың 16-шы корпусында өрт шыққан. Тағы екі беспилотник «Дружба» мұнай зауытына шабуыл жасаған. Губернатор Александр Богомаз да ешкімнің зардап шекпегенін айтып, ант-су ішіп отыр.
30 тамызға қараған түні Орел облысында бір дронның атып түсірілгені баяндалды. Губернатор Александр Клычков олардың екеу болғанын айта отырып, бүліншілік пен зардап шегушілік орын алмағанына тоқталды.
Пентагон жақында ғана Украина Қарулы күштеріне ұшқышсыз ұшақтарға көп әуес бола бермеу керек екенін ескерткен еді. АҚШ Қорғаныс министрлігі мұның орнына әскерді бір жерге шоғырландырып, оңтүстік майданда жеңіске жете беруді ұсынған болатын. Соның ішінде шығыстағы әскерлерді Запорожье бағытына топтастырып, Азау теңізіне дейін тезірек шығудың пайдалы екенін алға тартты. Алайда Украина президенті Донецк бағытынан әскерлерді алып кетудің соңы орны толмас зардаптарға алып баратынын, атап айтқанда, ол жақтарды жауға тастап кеткеннен кейін қайтадан қайтарып алудың өте қиырға соғатынын мәлімдеп, бұл жоспарға түбегейлі қарсы шықты