Нигерде әскерилер мемлекеттік төңкеріс жасап, президентті тақтан тайдырды
НИАМЕЙ. 27 шілде. Нигерде әскери қызметкерлер мемлекеттік төңкеріс жасап, елдің преззиденті Мохамед Базумды биліктен аластатты, шекара жабылды. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Генерал-полковник Амаду Абдурахман он офицердің қоршауымен ұлттық телеарнада сөйлеген сөзінде осыны айтты.
«Бұл – елдегі қауіпсіздік жағдайының төмендей беруінің, нашар экономикалық және әлеуметтік басқарудың нәтижесі», – деді ол.
Абдурахманның айтуынша, қорғаныс күштері сондықтан президент Базумның «режимін аяқтауға» шешім қабылдап, оны осының қарсаңында, 26 шілде күні таңертең резиденциясында өзінің гвардиясы тұтқынға алған.
Генерал-полковник сондай-ақ шекараның жабылып, коменданттық сағат енгізілгенін және барлық мекемелер жұмысының уақытша тоқтатылғанын жариялады. Сол сияқты Конституцияның іс-әрекеті де тоқтатылды. Әскерилер мемлекеттік телеарнаға қарай баратын жолдың бәрін жауып тастады.
Өзін «Елді қорғау жөніндегі ұлттық кеңес» деп атаған топ «сырттағы әріптестерден» елдегі жағдайға араласпауды сұрады. Сонымен бір мезгілде әскерилер Нигер бұрынғысынша халықаралық және ұлттық қауымдастықтар алдындағы өз міндеттемесін орындай беретінін мәлімдеді.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гуттериш бүлікшілерге Нигер мемлекетіндегі демократиялық қағидаттарды бүлдіруге бағытталған әрекеттерін тоқтатуға және Базумды тұтқыннан босатуға шақырды. Сондай-ақ АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де осы талапты қолдайтынын білдірді.
Тақтан тайдырылған президенттің жақтастары оның ұсталғанына наразылық таныту ретінде премьер-министр кеңсесінің жанына жиналды. Президент гвардиясы оларды қуып тарқату үшін ескерту оғын атты.
«Базум бұрынғысынша өзінің резиденциясында ұсталып отыр, оның жағдайы жақсы», – деп баяндады республика сыртқы істер министрі. Ал мемлекет басшысының өзі Twitter-ге өзінің президенттік лауазымына қол жеткізетініне және «Нигердің демократия мен бостандықты сүюші барлық азаматтары осыған үлес қосатындарына сенімді» екенін жазды.
Президент гвардиясының әскерилері 26 шілдеде президенттің Ниамейдегі резиденциясын қоршап алды. Бүлікшілер мұнда Базум мен оның отбасы мүшелерін, сондай-ақ ішкі істер министрі Хамаду Сулиді содан бері қамап ұстап отыр.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәнбелері мәліметтері бойынша, әскерилердің бас көтерулеріне Базумның президент гвардиясының қолбасшысы, генерал Омар Тчианиді отставкаға жіберу жөнінде шешім қабылдауы себеп болыпты.
Ахуал ұзақ уақыт түсініксіз болып тұрған: мемлекет басшысы армия бөлімшелерінің көпшілігі бүлікшілерді қолдамағанын, олардың өзін босатып алуға дайын тұрғанын мәлімдеді. Қорытындыда тұрақты армияның бөлімдері гвардияшылармен келіссөз жүргізді, бірақ оларға қарсылық көрсетпеуге ұйғарым жасады.
2021 жылы демократиялық жолмен сайланған президент Мохамед Базум Батыс Африкадағы ислам содырларымен күресте Батыстың сүйекті әріптесі болып саналатын еді.
Жалпы, 1960 жылы өзінің тәуелсіздігін алғаннан бері Нигерде төрт рет әскери төңкеріс орын алды.
Суретте: Нигер президенті Мохамед Базум