«Ақтөбе» командасын Сакартвелоға Қазақстан авиакомпаниясы жеткізді
ТБИЛИСИ. 27 шілде. «Ақтөбе» футбол клубы УЕФА Конференция лигасының Кутаисиде «Торпедомен» өтетін екінші раунды матчына Қазақстанның «SCAT Airlines» авиакомпаниясының ұшағымен келді. Бұл туралы «Новости-Грузия» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Мұның алдында Сакартвело (Грузия) азаматтық авиация агенттігінің «Ақтөбе» футболшыларын Кутаиси халықаралық әуежайына алып келуге тиісті чартерлік рейске келісім бермегені жарияланған болатын. Себебі, команда Ресейдің батыс санкциясына іліккен UVT AERO авиакомпаниясының бортында келмекші болған екен. Сондықтан картвельдер тарапы, әлбетте, мұндай лайнерді өз елдерінің аэропорттарына қондырудан бірден бас тартқан.
Бір қуаныштысы, сәрсенбі күні халықаралық «қара тізімде» тұрған ресейлік ұшақпен Кутаисиге жетіп алмақшы болып, жолдан қалып қойған «Ақтөбе» жамағаты бүгін, бейсенбіде қазақстандық әуе кемесімен ұшып шығу мүмкіндігіне тез қол жеткізді.
Ал UEFA Конференция лигасының екінші іріктеу раундының «Торпедо» (Кутаиси) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) арасындағы бірінші матчы бүгін түнде, Астана уақытымен 23:00 сағатта ойналады.
«Қазақстан футбол клубы матчты көру үшін Сакартвелоға күні бұрын келген өз жанкүйерлерін тыныштық сақтауға шақырды, үйде матч алдындағы жаттығуларын өткізгендерін баяндады және қиын жағдайда қолдау көрсеткені үшін Кутаисидің «Торпедосына» алғыс айтты», – делінген хабарламада.
Ал аяқ астынан туып кеткен бұл дүрбелең қайдан шыққан? «Бақсам, бақа екен» дегендей, мына «сыр-борды» жасап жүрген «Ақтөбе» футбол клубына Ресейдің сонау қаласынан, – қалай сап ете қалғаны бізге белгісіз, – президент болып ауысқан Сергей Куленко деген біреу екен. Сол сылыңғырың Кутаисиге ұшып баратын чартерлік рейсті өзі туып-өскен Туланың авиакомпаниясынан жалдапты. Ал оны Сакартвело елі бірден тоқтатып тастайды.
Міне, ендігі зерттейтін тақырыптың бірі осы. Алдымен Куленко деген келгімбайды Ақтөбеге кім шақырып әкелген? Дәл соған татитын бір азамат сол Ақтөбенің өзінен табылмайды деп кім айтты? Екіншіден, мына сығыр Ресей авиакомпанияларының бәріне санкция салынып тасталғанын біле тұрып, неге Туланың лайнерін жалдайды? Біздіңше, осының екеуінен де жемқорлықтың иісі аңқып тұрған сияқты.
Айтқандай, бүгін Астана уақытымен сағат 21:00-де Шымкенттің «Ордабасы» командасы УЕФА Конференция лигасының екінші іріктеу раундының бірінші матчын өз алаңында Польшаның «Легиясымен» өткізеді. Ал сағат 23:30-да Қостанайдың «Тобылы» Швейцарияның Базель қаласында жергілікті «Базель» командасымен кездесуін бастайды.
Жерлестерімізге сәттілік тілейік.