Шиеліде «Туған елге – тарту» фестивалінің кезекті шарасы өтті
ШИЕЛІ. 26 шілде. Бұрнағы күні Қызылорда облысының Шиелі кентінде ауданның 95 жылдығына арналған «Туған елге – тарту» фестивалі жалғасын тапты. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұл жолы фестиваль эстафетасын аудандағы Қоғалы және Майлытоғай ауылдық округтері жалғастырды. Аталмыш ауылдар өкілдері аудан тұрғындарына қолөнер бұйымдарын, ауылда өндірілетін айран мен құрт секілді табиғи таза өнімдерді және өндірісі жолға қойылған сабындарын таныстырды. Бұдан бөлек, кенттегі орталық алаңға алты қанат ақ боз үй тігілді. Онда келген жұртқа түрлі дәмдер ұсынылды.
Фестиваль күнінің соңына қарай екі ауылдық округ өнерпаздары біріккен концерт қойды.
Шараға Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов бастан-аяқ қатысты.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ