Дарынсыз Бабаянның қарымсыз клубы «Динамодан» күйрей ұтылды
ЗАГРЕБ. 26 шілде. Өткен түнде Загребте жергілікті «Динамо» командасымен Чемпиондар лигасы екінші іріктеу раундының бірінші матчын өткізген «Астана» 0:4 есебімен күйрей жеңіліп қайтты. Бұл туралы rast.kz хабарлайды.
Қалай деп әспеттеп айтқанда да, Загребтің «Динамосы» аузымен құс тістеп жүрген ғаламат күшті команда емес еді. Онымен тең дәрежеде шайқасуға әбден болатын.
Бірақ матчтың алдында баяндаған біздің қаупіміз тіпті еселеніп тұрып жүзеге асты.
Анығында біз кеше Facebook әлеуметтік желісінде: «Астанада» қазір бұрынғы ойын жоқ. Григорий Бабаян басында жұрт ойлап қалғандай, оншалықты талантты жаттықтырушы емес екен. Мұны оның ұстанып отырған тактикасы да анық көрсетіп келеді. Ойыншылары алға қарай емес, кіл артқа қарап ойнайды. Алға қарай бір пас берсе, артқа қарай төрт пас жасап, допты ылғи қақпашыдан қайтарып отырады. Мынадай ойынмен команда алысқа ұзап кете алмайды. Алғы шептегі Айымбетов «құрғақ қасық ауыз жыртадының» керін киіп жүр», – деп атап көрсеткенбіз.
Ал Бабаян біздің бұл айтқанымыздан да ары кетті, ол жоғарыда сөз болып отырған Абат Айымбетовті тек 83-минутта ғана алаңға шығарды. Сонда бұл форвард қалған 7 минуттың ішінде нендей керемет жасай алады деп ойлады екен?
Кеше біз тағы сайтта «Астананың» арыны «Динамоның» дүркіріне төтеп бере ала ма?» деген мақала жариялап, онда livesport.ru ресурсының болжамын ұсынған едік. Ал соңынан өз пікірімізді келтіре отырып, былай деп жаздық:
«Енді rast.kz сайты да өз болжамын білдіргісі келеді. Әріптестеріміздің «Екі команда да шабуылдаушы ойын көрсетеді» деген бағамы қисынға соқпайды. «Астананың» шабуыл командасы болудан қалғаны қашан! Қазір Григорий Бабаян келгелі ұжым «бір адым алға, екі адым артқа» деген тактиканы ұстанатын болған. Сондықтан шабуылдың алдыңғы шебінде жүретін Абат Айымбетов сияқты азулы шабуылшыға көп жағдайда доп дер кезінде жетпей қалып жатады. Ал мұндай тактикалы команданы шабуылдаушы деп санауға болмайды. Біздің болжамымызша, бүгін «Динамо» Загреб емін-еркін жеңіске жетеді. Тіпті матчтың 4:1 болып аяқталуы да мүмкін».
Осы жерде біз бір доптан ғана қателесіп кетіппіз, дарынсыз Бабаянның қарымсыз командасы ақырында бір доп та сала алмады.
«Динамо» Загреб – «Астана» 4:0 (3:0)
25 шілде. Загреб. «Максимир» стадионы. 7 123 көрермен.
Төреші: Гильермо Куадра (Испания).
«Динамо»: Доминик Ливакович, Роберт Любичич, Йосип Шутало, Стефан Ристовски, Садех Мохаррами, Йосип Мишич, Марко Булат (Богдан Михайличенко, 71), Лука Иванушец (Петар Суичи, 90+5), Мартин Батурина (Махир Эирели, 80), Дарио Шпикич (Лука Менало, 70), Бруно Петкович (Антонио Марин, 80).
«Астана»: Йосип Чондрич, Ян Вороговский (Тимур Досмағамбетов, 83), Жарко Томашевич, Алекса Аманович, Александр Марочкин, Камо Оганесян, Фабьен Урега (Эльхан Астанов, 68), Абзал Бейсебеков (Душан Йованович, 60), Макс Эбонг, Марин Томасов, Дембо Дарбо (Абат Айымбетов, 83).
Голдар: Бруно Петкович (36), Лука Иванушец (41, 43, 56).
Ескерту: Ян Вороговский (66)
«Матч барысы Чемпиондар лигасының іріктеуіне бір-бірлеріне лайықты командалар емес, әртүрлі дивизионның екі ұжымы келгендей әсер қалдырды», – деп баяндады соңынан «Футбол на куличках» ресурсы.
Расында солай болды. Алғашқы жарты сағатта «Астана» тас-түйін қорғаныстан шықпай қойды. Сол сәттерде жалғыз Марин Томасов қана (ол – хорват) бірнеше рет топты жарып шығып, алға қарай доп асырып еді, оны іліп алып кететін ойыншы болмады. Ара-тұра допқа ұмтылған Дембо Дарбо мен Фабьен Урегаға қолдау көрсететін әріптестері табылмады. Бұл кезде әлі қатты қарқын ала қоймаған алаң иелері біртіндеп тізгінді өзіне қарай шиырып тарта бастады.
Қонақтардың «темір-бетон» қорғанысының қауқары өз қақпаларына түскен бірінші голға дейін ғана жетті. Ал содан кейін «картон қағаздан құрастырылған үйшік секілді» шашылып қалды. Сондықтан матчтың тағдыры бірінші таймның соңына дейін-ақ шешіліп қойды. Жылдам ойналған айып доп соғу сәті астаналықтар қорғаушыларын қапыда қалдырды, оны Петкович қақпаға қарай дәл ұрып үлгерді. Бұдан кейінгі үш голды да Иванушец түсіріп, хет-трик жасады.
Командалар «Динамоның» 3:0 есебімен жеңіп тұрған мезетінде үзіліске кетті. Осы кезде Бабаян қатты ойланып, команданың ойын өрнегі мен сызбасына елеулі өзгерістер енгізуі керек еді. Алайда оған «басы жетпеген»» бас жаттықтырушы бәрін сол қалпында, өзгеріссіз қалдырды. Ұнжырғылары түскен бойлары алаңға шыққан меймандар ойыны бұрынғыдан бетер божырай берді. Нәтижесінде қарсыластарының ұйқылы-ояу күйде жүргендерін жақсы пайдалана білген хорваттар сол он минуттың маңайында төртінщі голды соғып үлгерді.
Команда күйрей жеңіліске ұшырап, осындай дел-сал хәлде жүргеннің өзінде Гриша Бабаян ештеңені өзгерте қоймады. Тек содан кейін ғана матчты өте төменгі деңгейде өткізген Абзал Бейсебековтің орнына Душан Йовановичті шығарды.
Былайынша қарап тұрсаң, Бабаянның ойын барысындағы тірліктерінің бәрі командаға жау адамның әрекетіндей болып шықты. Оның ойынға дер кезінде леп бере қоюға асықпағаны, арынды шабуылшы Абзал Айымбетовті матч бітуге 7 минут қалғанда ғана шығаруы еріксіз осындай ойға жетелейді.
Осылардың бәрінің салдарынан «Астанада» тіпті жалғыз гол соғып кететіндей де мүмкіндік болған жоқ.