«Астананың» арыны «Динамоның» дүрмегіне төтеп бере ала ма?
Бүгін, сейсенбі, 25 шілде күні түнде Хорватияның байтағы – Загреб қаласында жергілікті «Динамо» клубы УЕФА Чемпиондар лигасы екінші іріктеу раундының бірінші кездесуінде Астананың «Астана» командасын қабылдайды.
Матч Астана уақытымен сағат 00:00-де басталады. Ол Qazsport телеарнасынан тікелей эфир арқылы көрсетіледі.
Осыған орай біз сіздердің назарларыңызға livesport.ru ресурсының болжамын ұсынамыз.
«Динамо» Загреб
Хорватияның өткен көктемде аяқталған чемпионатының алтын жүлдегері таяуда Загребте өткен Суперкубок финалында өзінің негізгі қарсыласы – Сплиттің «Хайдук» командасын 1:0 етіп ұтты. Алайда, арада бір апта өтпей, осы бәсекелесін жаңа басталған чемпионаттың бірінші турында тағы да өз алаңында қабылдап, 1:2 есебімен ұтылып қалды.
«Динамо» өткен маусымда Чемпиондар лигасы турниріндегі үш іріктеу раундынан да өтіп, топтық кезеңге дейін барды. Хорваттар квалификациялық кезеңде македонның «Шкупи» (қос ойын нәтижесінде – 3:2), болгардың «Лудогорец» (6:3) және норвегтің «Будё/Глимт» (4:2 – қосымша уақытты қосқанда) командаларын артта қалдырды.
«Динамо» Чемпиондар лигасының негізгі кестесінде ағылшынның «Челси», итальянның «Милан» және аустриялық «Зальцбург» жамағаттарымен кездесті. Ол «Челсиді» 1:0 етіп ұтып, «Зальцбургпен» 1:1 есебімен тең түсіп, қалған төрт ойында жеңіліске ұшырады («Челси» – 1:2, «Милан» 1:3, 0:4, «Зальцбург» 0:1). Сөйтіп, жалпы қоры 4 ұпай жинаған динамошылар квартеттің соңғы 4-ші орнында қалды.
«Астана»
Егер «Динамо» Загреб биылғы маусымға іріктеу турнирін екінші раундтан қосылғалы отырса, «Астана» квалификацияны бірінші раундта бастап кетті.
Қазақстан чемпионы мұның алдында Грузияның ең үздік клубы «Динамо» Тблиси ұжымымен ұстасты. Олардың Астанада өткен бірінші матчы 1:1 есебімен тең аяқталса, Тблисиде ойналған қарымта кездесулерінде қазақстандықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Қонақтар ойын тағдырын бір минуттың ішінде шешіп кетті. Матчтың 50-ші минутына дейін 0:1 есебімен ұтылып тұрған олар әуелі Абзал Бейсебековтің сосын гамбиялық легионер Дембо Дарбоның соққан голдарымен камбэк жасап, жеңісті тартып әкетті.
Бірақ «Астана» осыдан кейін Қазақстан чемпионатында «Атыраумен» өз алаңында өткізген ойынында қарсыластар қақпасына бір доп та сала алмай, тең (0:0) нәтижені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Жалпы, «Астана» 39 ұпаймен біріншілікте екінші орында келе жатқанымен, оның доп соғу мен өткізу арасындағы қатынасы көрсеткіші оншалықты көрнекті емес. Бұл да команданың әлсіздігін көрсетеді. Оған қарағанда, 42 ұпаймен бірінші орында келе жатқан «Ордабасы» клубының бұл көрсеткіші әлдеқайда жоғары.
Болжам және бәс
Букмекерлер бұл жекпе-жекте алаң иелеріне басымдық беріп отыр. Олар «Динамоның» жеңісіне 1.48 балл берсе, тең ойынды 4.30 балға бағалайды. Ал «Астанының» жеңісі үшін – 6.83.
Болжам: Матчта көп гол соғылуы мүмкін. Екі команда да шабуылдаушы ойын көрсетеді.
Баламалы болжам: Хорватия чемпионы – бұл жұпта фаворит, алайда Қазақстан чемпионы өз бәсекелесіне көресіні көрсетуі де мүмкін. Оның тең ойынға қол жеткізіп қалуы әбден ықтимал.
Енді rast.kz сайты да өз болжамын білдіргісі келеді. Әріптестеріміздің «Екі команда да шабуылдаушы ойын көрсетеді» деген бағамы қисынға соқпайды. «Астананың» шабуыл командасы болудан қалғаны қашан! Қазір Григорий Бабаян келгелі ұжым «бір адым алға, екі адым артқа» деген тактиканы ұстанатын болған. Сондықтан шабуылдың алдыңғы шебінде жүретін Абат Айымбетов сияқты азулы шабуылшыға көп жағдайда доп дер кезінде жетпей қалып жатады. Ал мұндай тактикалы команданы шабуылдаушы деп санауға болмайды.
Біздің болжамымызша, бүгін «Динамо» Загреб емін-еркін жеңіске жетеді. Тіпті матчтың 4:1 болып аяқталуы да мүмкін.