Лукашенко «вагнершілердің» Польшаға шабуыл жасағылары келетінін айтты
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 23 шілде. Бүгін осы қалада РФ президенті Владимир Путинмен кездескен Беларусь лидері Александр Лукашенко «вагнершілердің» Польшаға жорыққа шығуды ұсынып жүргенін баяндады. Бұл туралы «Белсат» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
«Ресейдің Санкт-Петербург қаласында 23 шілде күні Александр Лукашенко мен Владимир Путиннің арасында кездесу өтті. Олар Украинаның жайын талқылады», – делінген хабарламада.
2022 жылдың 24 ақпанында Украинадағы соғыс «ары кеткенде үш-төрт күнде бітеді», ал ҰҚШҰ әскері Ла-Манш бұғазына дейін жете алады-мыс деп соққан Александр Лукашенко енді соғысқа қатысты әңгіме тақырыбын Польшаға қарай аударыпты.
«Бізді «вагнершілер» қыспаққа алып, састырып жатыр, Олар Батысқа қарай ат басын бұрып, Варшава мен Жешувке экскурсияға барсақ дегенді айтады», – деді ол. Мұны әлдеқандай бір шаттықпен, қуаныш сезімімен жеткізді.
Лукашенко сондай-ақ Ресей пропагандасының «Польша Украинаны бөлшектеп, Батыс Украинаны алып қалғысы келеді» деген сандырағын қайталап шықты. Ол сонымен бірге украинның қарсы шабуылы бос сөз болып шыққанын сөз етті. Бұған Путин өз кезегінде «украинның қарсы шабуылы бар, бірақ ол бірден сәтсіздікке ұшырады» деп жауап қайтарды.
Лукашенко Путинмен кездесуге тағы да карта ала келіпті. Ол бұл жолы Беларуське қай жақтан шабуыл жасалатынын емес, Польшаның «одақтас мемлекет» шекарасының қай тұсына әскер әкеп қойып жатқанын көрсетуге әкеліпті. Айтуынша, поляк бригадаларының бірі Бресттен 40 шақырым жерге әкелінсе, тағы бірі Гроднодан шамамен 100 шақырымдай жерде тұр.
Әйгілі бүліктен кейін «Вагнер» жеке әскери компанияның негізін қалаушы Евгений Пригожин Беларуське «кетіп» қалуға шешім қабылдады. Беларусь қорғаныс министрлігі 14 шілдеде жалдамалылардың келгенін баяндады. Осы жауынгерлердің Могилев облысындағы жаттығу шараларына нұсқаушылар ретінде қатысатындары да айтылды. Сондай-ақ «Вагнер» ЖӘК-мен бірге Польша шекарасында жаттығу жиыны өткізілетіні де сөз етілді. ЖӘК «командирлер кеңесінің» бір мүшесі Беларусь аумағына 10 мыңға дейін жалдамалы жиналатынын мәлімдеді.
Бүгін сондай-ақ белорус жеріне «Вагнердің» оныншы колоннасы келгені белгілі болды.