Жеті жасар қызды ұрып өлтірген өгей шеше қамауға алынды
АЛМАТЫ. 14 шілде. Оңтүстік астанада жеті жасар қызды ұрып өлтірген өгей шеше өзінше қоғам белсендісі болып шықты. Бұл туралы caravan.kz ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Бұдан бұрын 10 шілде күні Алматыда жеті жасар қыздың аса қатыгездікпен өлтірілгені жайлы хабар тараған еді. Оны өгей шешесі дәретханаға барып үлгермей, үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін жуынатын бөлмеде аяусыз ұрып өлтірген. Сонда қойған кінәсі бөлмені ластағаны болған.
Бүгін өгей шешенің аты-жөні анықталды. «НеМолчиKz» қорының басшысы Дина Таңсәрі оның есім-сойы Балжан Тұрлыбек екенін айтады.
Қайтыс болған кішкентай қыздың әкесі қарапайым аула сыпырушы болып жұмыс істейді, осы орайда оның әйелінен 15 жас кіші екені де айтылып жатыр.
«Жуынатын бөлмеде ұрып-соғып, өлімші етіп сабаған. Қыздың аяғы мен қолы сүйектері сынған, басы жарылған, денесінің бәрі көгерген, азаппен көз жұмған. Көршілер баланың көмек сұрап жылайтынын айтып, бірнеше рет полицияға жүгінген, соңғы рет мамыр айында тәртіп сақшылары шақырылған, бірақ Бостандық ауданының учаскелік полиция қызметкері ештеңе істемеген. Қызды сонда-ақ құтқаруға болатын еді», – деп жазды Дина Таңсәрі.
«НеМолчиKz» қоры басшысының дерегінше, қыздың өз анасы оның небәрі жеті айлық кезінде отбасынан кетіп қалған, бүлдіршінді әжесі тәрбиелеген.
Алматы қалалық полиция департаментіне қарасты Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық істің ҚР Қылмыстық кодексі 99-бабының 3-бөлігімен тергеліп жатқанын баяндады.
«Күдікті – 1976 жылы туған Т. есімді азаматша ұсталып, қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 14 шілдедегі қаулысымен күдікті Т. есімді әйелге қатысты «ауыр қылмыс жасады» деген айып бойынша сотқа дейінгі тергеу органының арызы қанағаттандырылып, сотқа дейін бұлтартпау шарасы санкцияланды. Оған 2 ай мерзімге қамауға алу түріндегі жаза тағайындалды», – делінген Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің хабарламасында.
Суретте: күдікті Балжан Тұрлыбек