Қызылорда облысында егінді сумен қамтамасыз ету жөнінде жиын өтті
ҚЫЗЫЛОРДА. 14 шілде. Қызылорда облысының әкімдігінде бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалық етуімен өңірді сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланған жиын болды. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасының дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Жиын бұдан бір күн алдын Премьер-министр Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен оңтүстік өңірлердегі егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі отырыста берілген тапсырмаларды орындау шараларын қарастыруға арналды. Үкіметте Алматы және Жетісу өңірлерінде жағдай тұрақты болғанымен, түстіктегі Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында су қоймаларына келіп жатқан судың деңгейі жеткіліксіз екені айтылды. Соның салдарынан сумен қамтамасыз етуде күрделі жағдай қалыптасып отыр.
Қазіргі таңда расында Қызылорда облысында егінді сумен қамтамасыз ету өте күрделі жағдайда өтуде.
Облыс әкімі жауапты министрліктермен бірге егінді судан қалдырмау шаралары жасалып жатқанын алға тартты. Аймақта осыған байланысты арнайы жұмыс тобы құрылған, сол сияқты шаруашылықтарға су берудің кезегі бақылауға алынған. Биікке орналасқан жерлерге су жеткізу мен қашыртқыдағы суды екінші мәрте пайдалану үшін 351 насос іске қосылған.
Өңірде су тапшылығын болдырмау үшін шілде-тамыз айларында Шардара су қоймасына түсетін судың көлемі секундына 200 текше метрден кем түспеуі және қоймадан төменгі ағысқа секундына 500 текше метр су жіберілуі қажет.
Облыс әкімі жауапты басшыларға егінді судан қалдырмау шараларын бақылауда ұстауды тапсырды.
Жансая НҰРҚОЖА