Новокузнецкінің мэрі қаланың атын «Сталинск» деп атауға ұсыныс жасады
КЕМЕР. 7 шілде. Ресейдің Кемер облысындағы Новокузнецк қаласының басшысы Сергей Кузнецов елді мекенге бір замандардағы Сталинск атын қайта беру жөнінде ұсыныс білдірді. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Дуанбасының пікірінше, «тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін» осылай жасау керек.
Өз көсемдері Владимир Путиннің шексіз берілген сталинист екенін жақсы біліп алған Ресей қалаларының басшылары осылай әредік баяғы кеңестік-балшабектік қанқұйлы тиран номындағы атаулар хақында жылтыңдаған сумақай ойларды осылай білдіріп қойып тұрады.
Кузнецов мұнымен шектелмей, бұдан бірнеше ғасыр бұрын пайдаланылған аттарға да назар аудара кеткенді жөн санайды. «Біз әңгімені Кузнецк – Сталинск – Новокузнецк трилогиясынан бекер бастап отырған жоқпыз. Қазір Новокузнецк деген қала атауының өзі өзекті болмай қалды, сондықтан бұған түзету қажет», – деп сайрады ол.
Бұл ретте, Кузнецовтың пайымынша, тап осы «Сталинск» деген атау 2023 жылдың жағдайында мейлінше өзекті нұсқа болып отыр. Жүргізуші бір қала тұрғыны жейдесінен осындай жазу көргенін айтқанда, мэр қуанғаннан: «Міне, керемет!» деп айғайлап жіберді. «Алайда қосарланған атты да пайдалануға болады, мысалы, сондай үлгіде Кемер облысында Ленинск-Кузнецк деген бір қала бар», – деді ол сосын.
Бұл бастамаға үн қосқандар арасында қаланы әу басындағы «Кузнецовск» атауымен атау туралы айтқандар да бар.
Кузнецовск 1618 жылы Томь өзенінің оң жағалауына негіз қалады. Осы атаумен ол 1622 жылға дейін тұрды, сосын 1931 жылға дейін Кузнецк болып аталды, келесі, 1932 жылы Новокузнецк болып атала бастады. Содан кейін отыз жыл бойы Иосиф Сталиннің атын алды. Ал 1936 жылы Никита Хрущевтің кезінде қала қайтадан Новокузнецк қалпына оралды.
2021 жылғы санақ бойынша Новокузнецкіде 540 мың адам тұратыны белгілі болды.
Ресейде Сталиннің атын қайтару әр жерде көрініс беріп қалып жүр. Биылғы мамыр айында Волгоград бір апта уақыт «Сталинград» болып тұрды.
Нижегород облысындағы Бор деген қалада «Сталин орталығының» құрылысы басталып кетіпті. Ал биылғы қыркүйекте Барнаулда тап сондай орталық ашылатын көрінеді.