НАТО саммитінде Украинаны қабылдаудың шешуші қадамдары жасалады
БРЮССЕЛЬ. 7 шілде. Солтүстік альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг Вильнюсте өтетін НАТО саммитінде Украинаға қатысты қабылданатын шешімдер жөнінде айтып берді. Бұл туралы «Украинская правда» дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Столтенберг жұма күні өткізген баспасөз мәслихатында алдағы альянс жиынында лидерлердің Украина жөнінде негізгі үш элементті қарастыратын пакет қабылдайтынын мәлімдеді.
«Біз саммитте Украинаны қазіргіден де күшейте түсіп, оның болашақты көре білуіне жол ашамыз. Мен одақтастар Украинаны НАТО құрамына кіруге жақындата түсетін үш элемент пакетін қабылдайды деп күтіп отырмын», – деді Столтенберг.
Оның айтуынша, лидерлер Украина Қарулы күштері мен НАТО арасындағы толық үйлесімділікке кепіл беруді қолдаудың көп жылдық бағдарламасына келісім берулері тиіс. Бұл – бір.
Екіншіден, саммитте Украина мен НАТО арасындағы саяси байланыс жаңартылады, ол енді құрылатын Украина-НАТО кеңесінен басталады.
«Үшіншіден, мен лидерлер Украинаның НАТО мүшесі болатынын мақұлдап, Украинаны өз мақсатына жетуге жақындата түсуде ауызбіршілік көрсетеді деп үміттенемін», – деді Столтенберг.
Ол НАТО-ның Украинаға бұрынғы кеңестік қару-жарақ стандартынан альянс өлшеміне көшуге көмектесетінін баяндады.
Украина президенті Володимир Зеленьский бүгін Братиславада Словакия президенті Зузана Чапутовамен бірге өткізген баспасөз конференциясында Швеция мен Украинаның мүшелікке өтулеріне қатысты шешімнің созбұйдаға салынуы Солтүстік альянста жікшілдік пайда болуына алып баратынын айттты. Ол НАТО бас хатшысының сөзіне түсіндірме бере келіп, альянстың бірлігі мықты болатынын сенгісі келетінін білдірді.
Еске сала кетейік, кеше, бейсенбі күні Болгарияда мемлекеттік сапармен болған Украина президенті бүгін алдымен Чехияға ат басын бұрды. Сол жақтан Словакия жеріне қадам басты.
Ал бүгін түс ауа Володимир Зеленьский Түркияға мемлекеттік сапармен барады деп күтілуде.