Жаңалықтар жаңғырығыЖаһан

Түркия РФ астық келісімінен бас тартқан соң Украинаға қару беруді бастады

АНКАРА. 7 шілде. Түркия Кремль астық келісімінен шығатынын мәлімдегеннен кейін Украинаға өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыны (САУ) жеткізіп беруді бастайтын болып отыр. Бұл туралы The Moscow News ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Украина Қорғаныс министрлігі бас штабы бастығының орынбасары Олексий Громов «Укринформ» агенттігіне берген сұхбатында кеше осының жайын тарқатып айтты. Ол өте жақын күндерде Украина армиясы Түркияның «T-155 Firtina» маркалы шынжыр табанды, өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысын алатынын баяндады.

«Украина Қарулы күштері бөлімшелері әлі қолданып көрмеген «Firtina» сияқты қаруды алатын болып күтіп отыр», – деді генерал. Бірақ қанша дана қондырғы келетінін ашып айтпады.

Бұл – Түркияның Украина Қарулы күштеріне жариялы түрде бергелі отырған бірінші 155-мм артиллериясы. Бұған дейін Анкара Киевке 155 мм зеңбірегінің өзін емес, снарядын ғана беріп келіп еді.

«Firtina» – корейдің «K9 Thunder» гаубицасының түріктендірілген нұсқасы. Оған мұнара, шасси және атуды басқару жүйесі жаңғыртылып салынған. «Firtina» – түрік армиясындағы ең алысқа атылатын артиллериялық қондырғы. Оның ату радиусы снарядына байланысты 18 шақырымнан 40 шақырымға дейінгі аумақты қамтиды.

Бұған қоса, «Firtina» жоғары жылдамдықпен атылатынымен де ерекшеленеді, ол 8-ден 25 шақырымға дейінгі қашықтыққа 15 секундта жетеді. Қазір түрік армиясында мұндай зеңбіректің 300 данасы бар.

Түркияның Украинаға артиллериялық қару бергелі жатқаны жайлы әңгіме Ресейдің астық келісімінен шығуға ниетті екенін білдірген уақытынан бері шыға бастаған еді. Бұған РФ диктаторы Владимир Путин өздеріне берілген уәделердің бәрі бірдей орындалмағанын айтып, салдар келтірді.

«Іс жүзінде астық келісімі өзінің тіршілік етуін баяғыда-ақ тоқтатқан болатын», – деп жазады Bloomberg.

Бүгін, жұма, 7 шілде күні Украина президенті Володимир Зеленьский Анадолы жеріне келіп, Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоғанмен кездеседі деп күтіліп отыр. Олар осы астық келісімі жайын талқыламақшы көрінеді. Негізі, бұл келісім Украина, Түркия және Ресей арасында жүргізілген еді. Екі президент сондай-ақ Украинадағы соғыс пен оның бұдан арғы бағыты жайында да ой бөліседі. Сол сияқты Украинаның келешекте НАТО блогына мүше болып кіруіне қатысты да әңгіме қозғалатын болса керек.

Украина лидері мұның алдында Болгарияда болып, екі ел арасындағы энергетика жөніндегі келісімге қол қойған болатын. София Киевке ашық түрде қару-жарақ беріп, қолдау көрсетуді биылғы көктемде бастап кеткен еді.

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button