Қырғызстан ресейлік әнші Григорий Лепстің концертін өткізбейтін болды (видео)
БІШКЕК. 6 шілде. Қырғызстан Ресей әншісі Григорий Лепстің өз елінде өтетін болып белгіленіп қойылған концерттік бағдарламасын алып тастады. Бұл туралы «АКИpress» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Концерт 2 тамызда Чолпон-Ата қаласында өтуге тиіc-тін. Ұйымдастырушылар оны алып тастауға мәжбүр болды. Бұған РФ басқыншы армиясының Украинадағы соғысын қолдап жүрген Z-әншінің өнер көрсетуіне жергілікті халықтың қарсылық білдіруі себепкерлік еткен.
Орталық Азия мемлекеттерінің тұрғындары ресейлік оккупацияға қаржылай қолдау көрсетіп келе жатқан Григорий Лепстің концерттері өз елдерінде өтулеріне жаппай қарсылық танытып келеді. Өткен жылғы 23 қазанда оның Өзбекстанда өтуге тиісті концерті алынып тасталған еді. Ал биылғы көктемде Қазақстанда да сондай жағдай орын алды.
Ресейдің құйыршық-қуыршақ әншісі әріптесі Николай Басковпен бірге биылғы қыста Украинада қиратылған немістің әрбір «Леопард» танкісі үшін 1 млн рубль көлемінде сыйақы беретінін жариялаған болатын. Жақында ол сол сөзінде тұрып, алғашқы миллион рублін тиісті мәнзіліне аударып жіберді.
Жер-дүниені осылай дау-дамайға бөлеп жүрген Лепс шын мәнінде кім?
Бірден айтып қояйық, Лепс – оның сахналық аты. Нақты аты-жөні – Григорий Викторович Лепсверидзе. Яғни, картвель (грузин). 1962 жылы 12 шілдеде Ресейдің Краснодар өлкесіндегі Сочи қаласында туған. Ресей Федерациясының халық әртісі.
Ішімдікке үйірлігімен аты шыққан. Талай концертіне мас болып шыққан деректері бар (Оны төмендегі видеодан көруге болады).
Ресейдің Украинғаға басқыншылық соғысын қолдағаны үшін Еуроодақтың барлық елдері оны қазір есігінен қаратпайды.