Сакартвело елшісі Киевтің талабымен Украинадан кетуге мәжбүр болды
ТБИЛИСИ. 6 шілде. Бүгін Сакартвело (орысша – Грузия, түрікше – Гүржістан, ағылшынша – Джорджия) мемлекетінің Украинадағы елшісі Георги Закарашвили Украина басшылығының талап етуімен бұл елден кетуге мәжбүр болды. Бұл туралы «Новости-Грузия» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сакартвело (картвель, яғни грузин тіліндегі атауы) сыртқы істер ведомствосы мұны растады.
Бұдан бұрын украин тарапы Грузияның бұрынғы президенті Михеил Саакашвилидің түрмедегі денсаулық жағдайы күрт нашарлап кетуіне байланысты наразылық білдіріп, Тбилисиден оны азаптап, мазақ қылуды тоқтатып, емдеуге жіберуді талап еткен болатын.
Украина сыртқы істер министрлігі Гүржістан елшісінен өз басшыларымен кеңесу үшін елден кетуді талап етті. Ал Сакартвелоның билеуші партиясындағылар сол бойда бұл мәселе бойынша әлдеқандай бір кеңес өткізудің артық нәрсе екенін мәлімдеді.
Тбилиси Киевтің әрекетін әділетсіздік деп есептейді, бірақ соған қарамастан, «жағдай бұдан әрі ушығып кетпеуі үшін Украина қабылдап отырған қадамға қарсы қосымша қимыл жасаудан аулақ болады».
Киев осы аптада бес айдан бері бірінші рет Тбилиси қалалық сотының дистанциялық отырысына қатысқан Саакашвилидің түрін көргеннен кейін осындай шешімге келіп отыр.
Алайда билеуші «Арман» партиясының лидері Иракли Кобахидзе экс-президенттің бұлайша қатты жүдеп кетуі аурудан емес, өзін өзі азаптап, тамақ ішпеуінен дегенді айтып, бет бақтырар емес.
Киев пен Тбилисидің ара қатынасы өткен жылы Ресейдің Украинаға басып кіріп, кең ауқымды соғыс бастағанынан кейін картвель елінде Михеил Саакашвилидің тұтқынға алынуынан бастап күрт бұзыла бастады. Өткен көктемде өзінің Сакартвелодағы елшісін кері қайтарып алған Украина оның орнына ешкімді жіберген жоқ.
Киев пен Тбилиси арасындағы кикілжің жақында Сакартвело мен Ресей арасындағы әуе қатынасы қайта қалпына келтірілгеннен кейін тереңдей түсті. Киев осы рейсті жүргізіп отырған грузиннің Georgian Airways авиакомпаниясына санкция салды. Ал Тбилиси керісініше кейін Мәскеуге қатынайтын рейстер санын арттырып жіберді.
Киев Михеил Саакашвили Украинаның азаматы болғандықтан, оның өз елінде емделуін ұсынып, сөзін өткізе алмай отыр.