Қызылорда қаласында жаңа автовокзал ғимаратының іргетасы қаланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 6 шілде. Қызылорда қаласында жаңа автовокзал ғимаратының іргетасы қаланып, құрылысы басталды. Бұл туралы өз мәнбесіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Сыр бойындағы басты қаланың сол жағалауынан бой көтеріп жатқан жаңа нысан биылғы жылдың соңына дейін салынып бітуге тиіс.
Құны 975 млн теңгені құрайтын заманауи үлгідегі автовокзал жолаушыларға барлық қолайлы жағдайды жасауға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады.
Жаңа автовокзалдың іргетасын қалау рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Парламент депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев қатысты.
«Жаңа автовокзал ғимаратында тек жолаушылар залы ғана емес, сонымен қатар ірі сауда және қоғамдық тамақтандыру орындары, автокөлік жөндеу цехтары жұмыс істейді», – деді аймақ басшысы рәсім барысында сөйлеген сөзінде.
Мәлім болғанындай, жаңа автовокзал пайдалануға берілгеннен кейін 124 рейсті құрайтын 55 автобус маршруты ашылады. Олардың арасында Ташкент қаласына қатынайтын 1 халықаралық рейс, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка) және Ақтөбе қаласына 8 республикалық рейс, сондай-ақ 46 ішкі аудан аралық рейс бар.
Нысан жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсете алады.