Қанапия: «Қазақстан орыстары – Қазақстанның толыққанды азаматтары емес»
САНКТ-ПЕТЕРБУРГ. 4 шілде. Қазақстанның РФ-дағы бұрынғы консулы Мейрам Қанапия Ресей азаматтарына барлық күнәлары үшін жауап беретіндерін ескертті. Бұл туралы ресейлік ресурстар дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қазақстан сыртқы істер ведомствосының бұрынғы өкілі Ресейдің Санкт-Петербург қаласына келіп, жергілікті орыстарға мәлімдеме жасады. Ол, әлбетте, бұған дейін бастарынан сөз асырып көрмеген питерліктерге ұнай қойған жоқ. Сондықтан «Ресейдің солтүстік астанасында» дипломаттың үстінен шағым айтушылар аз болмады. Сол бойынша РФ тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин қарауындағыларға шұғыл тапсырма берді. Қазір құқық қорғау органдары Мейрам Қанапияны тексеру мен тергеудің астына алып жатыр. Олар мұны Ресейдегі русофобия ретінде қарастыруда.
Тергеу комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Санкт-Петербург тұрғындары экс-дипломаттың үстінен шағым түсірген. Онда қазақ азаматының жұрт алдында Ресейді нашар жағынан көрсетпекші болғаны атап көрсетілген.
Қазір мәлім болғандай, экс-консул әлеуметтік желіде өзінің жастық шағы өткен, өзі жұмыс істеген қалаға келіп, «жанып бітіп бара жатқан режимді» көргенін жазған.
«Қазақстандағы орыс азаматтары Қазақстанның толыққанды азаматы болып табылмайды. Сіздердің, орыстар, бұлай еркін жүрулеріңізге көп қалған жоқ. Бұдан әрі сіздерге бұған дейін айтқан барлық сөздеріңізге, барлық әрекеттеріңізге жауап беруге тура келеді. Уақыттарыңыз аз қалды. Сіздер өз күнәларыңызды жеңілдете түсу үшін тіпті қазақ тілін үйреніп те үлгере алмайсыздар. Дайындалыңыздар!», – деді ол.
Мұның орысша түпнұсқасы былайша жазылған: «Русские граждане Казахстана не являются полноценными гражданами Казахстана. Недолго, русские, вашей вольницы осталось. Вам придется в дальнейшем отвечать за все свои слова, свои поступки. Времени у вас осталось мало. Вы даже не успеете выучить казахский язык, чтобы облегчить свою участь. Готовьтесь!».
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Мейрам Қанапияның сыртқы саясаты ведомствосында баяғыдан бері жұмыс істемейтінін мәлімдеді, ал РФ тергеу комитетіне «бұрынғы бас консулға қатысты тексеру туралы» әулекі шу көтермей-ақ қоюына болатынын айтып, кінәрат тақты.
Бірқатар деректер бойынша, Мейрам Қанапия қазір Қазақстанда тұрмайды, тіпті өзі соңғы жылдары мекен етіп жүрген Швециядан да саяси баспана сұрай қоймапты.
Еске сала кетейік, РФ армиясы 2022 жылғы 24 ақпанда Украина жеріне басып кіріп, кең ауқымды агрессиялық соғысты бастаған кезде Қазақстан тұрғындарының (қазақтарының) айрықша басым бөлігі бірден өз жері мен елін қорғап жатқан украиндарға қолдау көрсетуге көшті.