Аралға жаны ашымайтын Аралды құтқару қоры кім үшін және неге керек?
Биыл «Халықаралық Аралды құтқару» қорының құрылғанына 30 жыл толды
Осыған байланысты биылғы маусым айының басында Душанбе қаласында осы қордың 30 жылдығы атап өтілген көрінеді.
Айта кетейік, бұл қор Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, 1993 жылы Сыр мен Әму бойындағы бес Орта Азия мемлекеті (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қазақстан) арасындағы келіссөз арқылы құрылды. Жарғы бойынша, бес мемлекет қорға жыл сайын өз елі «жалпы ішкі өнімінің» 1 пайызын аударып отыруған келіскен еді.
Алайда әлемде көлемі жөнінен төртінші орында тұрған Арал теңізі екі бірдей үлкен өзен – Сырдария мен Әмудариядан су келмеуі себебінен кеуіп кетті. Теңіздің алғаш тартыла бастаған кезінен дабыл қағылып, 80-ші жылдарда-ақ Аралға су тарту жобалары жасала бастады. Соның бірі «Сібір суларын Аралға бұру» болатын. Ол тек арман болып қана қалды. Сол кезеңдерде Аралды «құтқаратын» әртүрлі қорлар құрылып, халықтың құйған талай қаржысы сұраусыз кетті. 1993 жылы осы қор құрылып, «Халықаралық Аралды құтқару қоры» деп аталған болатын. Қуандық. «Аралды құтқаратын болды», деп қуандық.
Нәтижесін өздеріңіз көрдіңіздер. Құтқармады, құртты. Арал теңізінен айрылып қалдық. Тал қармап жүріп, жергілікті азаматтардың бастамасымен құмнан болса да, бөгет жасап, Аралдың солтүстік аумағын сақтап қалуға әрекет жасалды. Сонда «Халықаралық Аралды құтқару қоры» қайда болды?
Жарғы бойынша әр мемлекет «қорды» екі жылдан басқарып отыратын болған. Қисын қайда, Арал қайда?! «Біреудің жоғын біреу ысқырып жүріп іздейді» деп, өзге мемлекеттер қайдағы Аралды жоқтайды дегенге кім сенеді? Тіпті, әртүрлі желеумен қорға салуға тиісті жарна да тоқтатылды. Әрқайсысы «өз күлшесіне күл тартып» кетті. Арал қасіретінің теңіздің географиялық орны – Қызылорда облысының Арал ауданында орналасқандықтан, басқа мемлекеттердің экономикасына тікелей қатысы болған жоқ. Қасірет шеккен – Қарақалпақстан мен Қазақстан жұрты. Басқаларының мұртын балта шапқан жоқ. Түрікменстан Әмударияны меншіктеп, Қарақұм каналына жіберіп, оазис орнатты. Өзбекстан да есесін жіберген жоқ. Үстінен өтіп жатқан дария суына еркін шомылып, шалқып отыр. Бұл пысық халық Біріккен Ұлттар ұйымына жалынып, жылап жүріп, өз мемлекетіне әртүрлі жеңілдіктер жасап та алды.
Солардың арқасында Арал өңірі «Экологиялық инновациялар және технологиялар аймағы» болып жарияланды. Оған да шүкір. Бірақ апат Қазақстанда. Ал Тәжікстан, Қырғызстан үшін, орысша айтқанда, «моя хата с края». Ол да ештеңе емес, осы кездері «Аралды құтқарыңдар», деп шетелден келген қаншама қаражат сол мемлекеттердің қалтасында кетті. Ол аздай, әр мемлекет өз «Халықаралық Аралды құтқару қоры» деп аталатын, ешкімге бағынбайтын, ойларына келгенін істейтін атқарушы дирекцияларын (үкіметтік емес ұйымдар) ашып, тағы да Аралды «құтқаруға» әрекет жасаған. Олардың былықтарын көрсек те көре алмаймыз. Осы отыз жыл ішінде осылардың қандай жетістіктерін көрдік? Экологиялық апаттың эпицентрі Арал қаласы емес пе еді?
Әңгіменің басына оралсақ, Душанбе конференциясында не айтылды, соған келейік. Оған біздің елден бірінші вице-премьер Роман Скляр мен су жаңа Экология және табиғат ресурстары министрі Зүлфия Сүлейменова қатысқаны белгілі болып отыр. Ал осы кісілер бірдеңе бітіреді дегенге сенесіздер ме? Арал Склярдың үш ұйықтаса да түсіне кірмейтін шығар. Сүлейменова Аралды көзімен көрді дей алмаймын. Ендеше, жазып берген қағазға қарап, қол қойып қайтты, деп есептей бер. Бастысы, енді «Халықаралық Аралды құтқару қоры» атауы «Арал бассейні елдері ұйымы» болып өзгермек екен. Бұлардан енді не күтеміз? Аралды «құтқарып» болды. Оны атауы-ақ айтып тұр.
Кіші Арал бассейінінің бастапқы сыйымдылығы 27 млрд текшеметр болған болса, қазіргі жыл басындағы «байлығы» 18,5 млрд текшеметр (үштен бірі) шамасында. Биыл 1,5 млрд текшеметр су жеткіздік десе де, Сыр бойы өзен, көлдері есебінен ол су мөлшері көңіл көншіте алмады. Келген судың мөлшері де нақты емес. Мамандар үнемі жалған ақпарат береді. Оны біз бірнеше рет дәлелдедік. Жасыру кімге пайда, кімге зиян?
Қорды басқару құқы биыл Қазақстанға беріледі екен. Одан пайда бола қоймайтыны да белгілі. Арал табанына сексеуіл егу жобасы мен «Барсакелмес қорығы» дейтін жем жейтін үлкен астау бар. Бар қаржы сол арқылы өз жолын табатынына сене бер. Ендеше, бізге осы саны бар, сапасы жоқ Аралды құтқару қоры (атауы өзгерсе де) керек пе?
САРАТС – 2 жобасы да сиырқұйымшақтанып, үзілуге жақын. Тіпті, жоба жабылады, деген қауесет те бар. Ол да мүмкін. Біздің бюрократтар мен жемқорлар, жершіл-жікшілдер тұрғанда, әбден мүмкін. Әркім өз ауданына қаржы тартып, ит тартқан тулақтай етті емес пе? Арал тағдыры аралдықтардан басқа атқамінерлерге атақ үшін ғана керек екені анық. Сонда құтқарушы кім, құртушы кім?
Айжарық ЕРӘЛИЕВ,
«Тұран ойпаты Арал теңізі» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры