Грефтің қызы Путиннің соғысын қолдамайтынын растап қол қойды

МӘСКЕУ. 12 шілде. Ресейдің белгілі топ-шенеуніктері бірі Герман Грефтің қызы соғысты қолдамайтындығы туралы мәлімдемеге қол қойды. Бұл туралы DW ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Халықаралық ат спорты федерациясы (FEI) Ресей «Сбербанк» басшысының қызына бейтарап мәртебесін берді. Ол үшін Мария Греф РФ-ның Украинадағы соғысын қолдамайтынын айғақтап, тиісті құжатқа қол қоюы керек-тін.
«Сбербанк» басшысы Герман Грефтің қызы Мария Халықаралық ат спорты федерациясынан бейтараптық мәртебесін алды, бұл оның халықаралық жарыстарға елдің туы мен әнұрансыз қатысуына мүмкіндік береді. «Бұл үшін ол Ресейдің Украинадағы соғысын қолдамайтыны туралы мәлімдемеге қол қоюы керек болды», деп атап өтті 11 шілде, жұма күні «Можем объяснить» (МО) басылымы.
FEI журналистерге федерация жүргізген тергеуде шабандоздың сенімділігіне қатысты ешқандай компромат немесе күмән анықталмағанын айтты. «Сонымен қатар Мария Грефтің Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдағаны немесе айтқаны туралы ешқандай ақпарат табылмады», – дегенді қосты бұған ат спорты федерациясының өкілі. Ол Герман Грефтің «саяси тұрғыдан ашық адам ретінде жіктелгенін, бірақ бұл жіктеудің тек өзіне ғана қатысты» екенін атап өтті.
Мария Греф – атпен жүруден спорт шеберлігіне кандидат, оның отбасында бірнеше асыл тұқымды қымбат жылқылар бар. Ресей Ат спорты федерациясының деректер базасына сәйкес, 2004 жылдың көктемі мен жазында ол анасы Яна Грефтің иелігіндегі ақта атпен Ресейде өткен бірнеше жасөспірімдер жарысына қатысқан. MO мәнбесінің хабарлауынша, 20 жасар Мария бұл жылқыны жақында Лондонға жеткізген, онда ол екі жылдай тұрып, оқиды.
Айта кететін жайт, маусым айының соңындағы жағдай бойынша, FEI Мария Грефтен басқа, тағы 26 ресейлік шабандозға бейтараптық мәртебесін берген.
«Сбербанк» басшысы Герман Греф Ресей президенті Владимир Путиннің айналасындағы «жүйелік либералдар» деп аталатын негізгілердің бірі болып саналады. Украинада кең ауқымды соғыс басталғаннан кейін Греф Еуропа одағының, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Канаданың, Швейцарияның, Австралияның, Жаңа Зеландия мен Украинаның санкциялық тізімдеріне енді.
Proekt басылымының 2023 жылдың басында жарияланған зерттеуіне сәйкес, Греф Кариб теңізіндегі курорттарға және Германияның Баден-Баден қаласына ұшу үшін «Сбербанкке» тиесілі бизнес-джеттерді пайдаланады. Журналистер кадастрлық кітаптан келтірген үзіндіге сәйкес, Грефтің Баден-Баденде бағасы 300-400 мың еуроны құрайтын пәтері де бар. «Ресейде «Сбербанк» басшысы Рублевское тас жолының бойындағы төрт қабатты коттеджде тұрады, оның құны кемінде 250 миллион рубльді құрайды», делінген мақалада. Сонымен қатар, зерттеу авторлары Греф пен Люксембургтің Altera Capital инвестициялық қорының жалпы көлемі 500 миллион долларға дейінгі тығыз байланысын анықтады.





