Қызылордада физика-математика мектебінің іргетасы қаланды
ҚЫЗЫЛОРДА. 4 шілде. Қызылорда қаласында физика-математика бағытындағы мектеп-интернат ғимаратының іргетасын қалау рәсімі болып өтті. Бұл туралы облыстық қоғамдық даму басқармасы баспасөз қызметінің дерегіне сүйенген rast.kz хабарлайды.
Құны 8 млрд теңгені құрайтын жаңа білім беру ордасы қаланың сол жағалауындағы жаңа шағын ауданда бой көтереді.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев заманауи үлгідегі жаңа мектептің іргесі қалану рәсіміне қатысты. Ол осы қуанышты оқиғаға байланысты жерлестерін құттықтады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» деген болатын. Президент қазіргі цифрландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыстану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қосатын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін бағыттарды дамыту – біздің ортақ міндетіміз!» – деді аймақ басшысы өзінің сөзінде.
«Құны 8 млрд теңгені құрайтын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жабдықталады. Мектеп құрылысы келесі жылы толық аяқталып, оқушылар мен ұстаздар игілігіне беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал өмірде өшпейтін із – балаға берген терең білім мен шапағатты мейірім болса керек. Біз солай болғанын жанымызбен қалаймыз. Олай болса, балаларымыздың болашағы зор болсын дегім келеді», – деді Нұрлыбек Машбекұлы одан әрі.
Жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері Мұрат Бақтиярұлы пен Бақберген Досманбетов сөз алып, жиналған қауымды білімнің айдынына қарай ашылған осындай айшықты қадаммен құттықтады. Олар мұның бәрі біздің еліміздің жарқын болашағы үшін жасалып жатқанын айтты.
Еске сала кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Сыр бойына жұмыс сапарымен келген сапары кезінде Қызылорда қаласында дарынды балаларға арналған физика-математика мектеп-интернаты құрылысының басталғалы тұрғанына қолдау білдірген еді. Осы тізімге қаладағы №101 Ә.Мүслімов атындағы, №2 Абай атындағы мектептерге қосымша құрылыс салу, «Бәйтерек» тұрғын ауданындағы 600 орындық және Шиелі ауданы «Байсын» ауылындағы 250 орындық мектеп құрылысын аяқтау енгізілді. Мердігер мекеме – «Промстройсервис Е» құрылыс компаниясы мектеп ғимаратын келер жылы аяқтап, пайдалануға береді деп жоспарлануда.
Өткен жылы облыс аумағында 19 балабақша, 6 мектеп, Жалағаш ауданында Оқушылар үйі және Өнер мектебі пайдалануға берілгені белгілі. Алдағы 3 жылда 64 балабақша және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 15 100 орынға арналған 21 мектеп салынады.
Аймақта жеке мектептердің де үлесі артып келеді. Қазірдің өзінде өңірде 21 жеке мектеп жұмыс істеп тұрса, алдағы 3 жылда инвесторлар 12 мектеп салуға ниет білдіріп отыр.