Жаңалықтар жаңғырығыСпорт

Бокс: Еуропа ойындарының финалдық шайқастары басталды

КРАКОВ. 1 шілде. Польшаның Краков қаласында жалау желбіреткен III Еуропа ойындары шеңберіндегі бокс турнирі өзінің финалдық кезеңіне жетті. Бұл туралы поляк таблоидтарына сүйенген rast.kz хабарлайды.

Былғары қолғап шеберлерінің сайысы Краков түбіндегі Нова-Тырг қаласында сарапқа түсті. Турнир 22 маусымда басталды. Оған құрлықтың 42 елінен 325 атлет қатысуда. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша (ерлер – 7, әйелдер – 6) медальдар үшін таласып жатыр.

Ескерте кетейік, осы Ойындарда жүлделі орындардан көрінген спортшылардың бәрі 2024 жылғы Париж Олимпиялық ойындарына лицензия алады. Турнирді Еуропа бокс ассациациясы өткізуде.

Жарысқа Ресей мен Беларусь боксшылары жіберілген жоқ.

Турнирдің жартылай финалдық жекпе-жектері 30 маусым күні ойналды. Оның қорытындысы бойынша финалдық жұптар түзілді.

Бүгін жарыста ақтық ұрыстар басталды. Атап айтқанда, 1 шілде күні әйелдердің 54, 60 және 66 келіге дейінгі, ерлердің 51, 63,5, 80 және 92 келіге дейінгі салмақтардағы үздіктері чемпиондық атақты таласқа салса, ертең, 2 шілдеде әйелдердің 50, 57 және 75 келіге дейінгі, ерлердің 57, 71 келіге дейінгі және 92 келіден ауыр салмақтардағы мықтылары алтын медаль үшін күш сынасады.

Сонымен, финалдық жекпе-жектер мына былғары қолғап шеберлері арасында өтеді:

1 шілде

Әйелдер. 54 кг. Станимира Петрова (Болгария) – Ленуцэ Перижоц (Румыния), 60 кг. Келли Харрингтон (Ирландия) – Наталья Шадрина (Сербия), 66 кг. Ошин Дериеув (Бельгия) – Бусеназ Сурменели (Түркия).

Ерлер. 51 кг. Билал Беннама (Франция) – Самет Гюмюш (Түркия), 63,5 кг. Софьян Оумаха (Франция) – Лаша Гурули (Сакартвело), 80 кг. Олександр Хижняк (Украина) – Габриел Веочич (Хорватия), 92 кг. Джек Марвей (Ирландия) – Азиз Аббес Моухидин (Италия).

2 шілде

Әйелдер. 50 кг. Бусе Наз Чакироглу (Түркия) – Вассила Лхадири (Франция), 57 кг. Светлана Станева (Болгария) – Амина Зидани (Франция), 75 кг. Давина-Мирха Мишель (Франция) – Аофи О`Рурк (Ирландия).

Ерлер. 57 кг. Хавьер Ибанес Диас (Болгария) – Хосе Килес Бротонс (Испания), 71 кг. Вахид Аббасов (Сербия) – Николай Тертерян (Дания), +92 кг. Мухаммад Абдуллаев (Әзербайжан) – Жюстин Делишес Ори (Ұлыбритания).

Айта кететін жайт, Еуропа ойындарында қазір 25 алтын, 23 күміс жән 35 қола, барлығы 83 медаль жиып алған Италия спортшылары бірінші болып келеді. Екінші орында 19 алтын, 14 күміс және 17 қола, барлығы 50 медальды Испания тұр. Ал үшінші орындағы Украина спортшыларының 19 алтын, 10 күміс және 8 қола, барлығы 37 медалі бар. Алғашқы үздік бестікті Франция (14+14+26 = 54) және Германия (14+11+24 = 49) құрамалары тиянақтайды.

Еуропа ойындары ертең, 2 шілдеде өз мәресіне жетеді.

Суретте: украин боксшысы Олександр Хижняк жартылай финалда итальян Сальваторе Каваллароны 5:0 етіп тізе бүктіргеннен кейін

Тағы көрсету

Пікір қалдыру

Ұқсас мақалалар

Back to top button