Қостанайда жергілікті тұрғындар Украинадағы соғысқа шақырылып жүр
ҚОСТАНАЙ. 1 шілде. Қостанай облысында Тобыл бойы тұрғындарын РФ армиясы құрамында Украинаға қарсы соғысуға шақыру әрекеттері жиілей бастағаны байқалады. Бұл туралы «Наша газета» ақпарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Қостанай облыстық прокуратурасы жергілікті тұрғындарды Украинадағы соғысқа қатысу үшін Ресей Федерациясының территориясына рекруттық жолмен алып кетуге талпыну әрекеттері орын алып келе жатқанын айтып берді. Ал өзге елдің территориясындағы соғыстарға қатысуға Қазақстан заңнамасымен тыйым салынған.
«Соңғы уақыттары әлеуметтік желілерде Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты материалдар (мақалалар, видеосюжеттер, жазбалар, комментарий) белсенді түрде жарияланып жатыр. Олардың жекелеген біреулері Қазақстан азаматтарын соғысқа шақыруды ұлттық алауыздық қоздыру, ұлттың намысына тию, екі жақ азаматтарының ар-намысын таптау сияқты әрекеттер арқылы жасап жүр», – делінген хабарламада.
Прокуратура атап өткендей, әлеуметтік желілерді бірқатар пайдаланушылар, – олардың ішінде Қазақстан азаматтары да бар, – болып жатқан оқиғаларды баяндай отырып, біздің еліміздің территориялық тұтастығына қатысты сепаратистік шақырулар жариялап тұрады.
«Бұған қоса, біздің облыс территориясында жергілікті азаматтарды Украинадағы қарулы қақтығысқа қатысу үшін Ресей Федерациясы территориясына алып кетуге әрекет ету оқиғалары кездескен, – деді прокуратурадағылар. – Мұнда әрекеттерге Қазақстан Конституциясы, жалпыға ортақ халықаралық-құқықтық құжаттар тыйым салады».
Осыған орай қадағалаушы орган облыс тұрғындарын мұндай арандатушылықтарға ұрынып қалмауға шақырды. Ал осындай шақыруларға көніп қалып, Украинаға барып соғысқан Қазақстан азаматтары 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.