Бокс: Еуропа ойындарының екінші күнгі чемпиондары да анықталды
КРАКОВ. 2 шілде. Бүгін түнде Польшаның Краков қаласында өткен III Еуропа ойындары шеңберіндегі бокс турнирінде екінші финалдық шайқастары аяқталды. Бұл туралы поляк таблоидтарына сүйенген rast.kz хабарлайды.
Былғары қолғап шеберлерінің сайысы Краков түбіндегі Нова-Тырг қаласында болып өтті. Турнир 22 маусымда басталды. Оған құрлықтың 42 елінен 325 атлет қатысты. Олар 13 салмақ дәрежесі бойынша (ерлер – 7, әйелдер – 6) медальдарды сарапқа салды.
Еске сала кетейік, осы Ойындарда жүлделі орындардан көрінген спортшылардың бәрі 2024 жылғы Париж Олимпиялық ойындарына лицензия алады.
Бүгінгі финалдық жек-жектер мынадай нәтижелер әкелді:
Әйелдер. 50 кг. Бусе Наз Чакироглу (Түркия) – Вассила Лхадири (Франция) 5:0. 57 кг. Амина Зидани (Франция) – Светлана Станева (Болгария) 4:1. 75 кг. Аофи О’Рурк (Ирландия) – Давина-Мирха Мишель (Франция) 5:0.
Ерлер. 57 кг. Хавьер Ибаньес Диас (Болгария) – Хосе Килес Бротонс (Испания) 5:0. 71 кг. Николай Тертерян (Дания) – Вахид Аббасов (Сербия) 4:1. +92 кг. Жюстин Делишес Ори (Ұлыбритания) – Мухаммад Абдуллаев (Әзербайжан) 5:0.
Командалық есепте 3 алтын, 2 күміс және 2 қола, барлығы 7 медаль жеңіп алған Франция – бірінші, 2 алтын, 1 күміс және 5 қола медальды қоржынға салған Түркия – екінші, 2 алтын, 1 күміс және 2 қола, барлығы 5 медалі бар Ирландия үшінші орындарға орналасты.
Осымен Еуропа ойындары аяқталды. Бүгін оның жабылуына арналған салтанат та болып өтті.